Алматы облысында 56 келі марихуана тасымалдамақ болған ер азамат ұсталды

21.06.2019 00:53

51 жастағы еркек қашып құтылуға тырысты

Almaty.tv

Алматы облысында аса ірі көлемде есірткі тасымалдауға бекінген ер азамат ұсталды. Сақшылар оның жымысқы әрекетін тура Қарасай ауданындағы егіс алқабында әшкере етті. Мұны байқаған 51 жастағы еркек қашып құтылуға тырысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дегенмен полицейлер күдіктіні алысқа ұзатпай қолға түсірді. Тінту кезінде одан үш жолаушы сөмкесіне салынған 56 келі марихуана тәркіленді. Есірткілік шөптің қайда қапталып, қайда жөнелтілмек болғаны белгісіз. Бір анығы, ұсталған азамат бұрын да есірткі заттарын сақтап, тасымалдағаны үшін сотты болған. Қазір күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек, жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Көксу ауданының 64 жастағы тұрғынының да қолына кісен салынды. Зейнеткер өз үйінің алдына 50 түп марихауна өсірген екен. Салмағы 6 жарым келіге жуық өсімдік тектес затты полицейлер тәркілеп алды. Қазір аталған фактіге қатысты да тергеу жүргізілуде. Жалпы, Алматы облысында жыл басынан бері 400 келі әртүрлі есірткілік зат тәркіленген.