Алматы әкімі осы аптада тұрғындарды қандай мәселе толғандырғанын айтты

29.07.2019 00:24

Бақытжан Сағынтаев алматылықтардың қандай мәселемен әлеуметтік желілерге хат - хабарлама қалдырғаны жөнінде Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ағымдағы аптада менің аккаунттарыма келіп түскен өтініштердің басым бөлігі Түрксіб, Жетісу мен Медеу аудандарының тұрғындарынан келді», - деді қала әкімі.

1) Коммуникацияның болмауы. Орталық сумен жабдықтау, кәріз, жарықтандыру мәселелері. Аудан әкімі Кулагинге осы мәселе бойынша жоспарлы жұмыстардың орындалуын бақылауға алуды тапсырдым. Алдымен түгі жоқ көшелер назарға алынсын. Таза ауыз су мәселесі бірінші кезекте шешілуі тиіс.

2) Энергиямен қамтамасыз ету мәселесіндегі ақаулар. Тұрғындарды әлсіз кернеу мен электр энергиядағы жиі іркілістер мазалайды. Ықшамаудандарды жарықпен қамтамасыз ететін энергетикалық желілердің қуатын арттыру жөніндегі мәселелерді «Самұрық-Энергомен» бірлесіп шешетін боламыз. Жақын арада шешім қабылдаймыз.

3) Көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде жаяу жүргіншілер өтпелінің болмауы. Атап айтқанда, Бұқтырма көшесі арқылы Нұршашқан ықшамауданына кіре берістегі маңай. Түрксіб ауданының әкімі қалалық Жұмылдыру басқармасымен бірлесе отырып мәселені зерделеп, ұсыныс енгізуі қажет.

4) Медициналық қызметтің шектеулі түрде қолжетімді болуы. Нұршашқан ықшамауданының 3 мың тұрғынына арналған бір-ақ шағын медпункт бар. Барлық мүмкіндіктерді қарастырып, медпунктті кеңейту мәселесін шешу қажет.

5) Екі ықшамауданда балабақша салу мәселесін шешу қажет. Сондай-ақ, Қайрат ықшамауданында орта мектеп салу керек.

6) Абаттандыру мәселелері. Пайдаланылмайтын жерлер, ашық жатқан кәріз люктері, қаңғыбас иттермен күрес, шабылмаған шөп секілді мәселелерді аудан әкімдері жедел түрде шешулері тиіс. П. Кулагинге ертең әкімдікте өтетін аппарат кеңесінде Нұршашқан және Қайрат ықшамаудандарының тұрғындарымен болған кездесуде көтерілген барлық мәселелердің шешу жолындағы нақты шаралары туралы баяндауды тапсырдым.

7) Аудан әкімдері тұрғындарды мазалайтын мәселелерді жетік біліп, оның дер кезінде шешілуін қамтамасыз ету тиіс. Әкімдерге өз құзыретіндегі мәселелерді сол жерде алып тастауды және аудан әкімдері өз бетінше шеше алмайтын мәселелерді әкімдік басқармаларының басшыларымен пысықтауды тапсырамын.

Айта кетейік, Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарына кері байланыс үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, Медеу ауданы «Аққайың» шағынауданын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін тілге тиек етті.