Тұрғын үйге жауапты мердігер компания болса, өзіне шаң жуытар емес
Алматыдағы элиталық тұрғын үй кешенінің тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Олар шалғай аймақ былай тұрсын қаланың ортасында отырып, судың екі күннің бірінде ажырап қалатынына ашулы. Тұрғын үйге жауапты мердігер компания болса, өзіне шаң жуытар емес. Бар мәселені сумен жабдықтау бөліміне жауып отыр. Ендігі шаруа қалай шешіледі? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатады.
Бұл – қаладағы аты атаулы, бағасы қымбат элиталық тұрғын үй кешендерінің бірі. Сырты көрікті, зәулім көрінгенімен, коммуналдық қызметі сын көтермейді. Осы жылдың наурыз айында толығымен пайдалануға берілген тұрғын үйге аз уақыттың ішінде жүзге жуық отбасы қоныстанып үлгерген. Жайлы мекенге енді көшіп келдік пе деген олардың қуанышы ұзаққа бармады.
«Тұрғын үйде су екі күннің бірінде су болмайды. Болған күнде де мүлде ішуге немесе жуынуға келмейді. Бірде сары түсті су ақса, енді бірде қара топырақ араласқан су ағады. Ол суды алып экспертизаға жібергенбіз. Олар суды пайдалануға болады деп, шешім шығарып берді. Ол суды көрсеңіз кір жууға да келмейді», – деді қала тұрғыны Малика Смағұлова.
Ал, тұрғын үйді салған мердігер компания тапсыру кезінде еш ақаудың болмағанын айтады. Олардан жауап алмақ болып, тұрғындармен бірге барғанымызда бізді жылы шырайда қарсы алмады.
Бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарласқанымызда ауыз суға тұрғын үйді салған мердігер компания жауапты емес екенін білдік. Олар құрылысты аяқтаған бойда сумен жабдықтау жұмыстарын өзге жеке меншік серіктестігіне тапсырыпты.
«Қазір тәулігіне 9 мың текше метр су өндіретін тазарту құрылыстарын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осы жұмыс тұрғын үй кешенінде сумен жабдықтау мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деді Бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет Әліпбеков.
Түсірілім тобы келіп тұрғындар шу көтергеннен кейін пәтерлердегі бірнеше күннен бері құрғап тұрған крандарына су келе бастапты. Бірақ тұрғындар мәселе толығымен шешілгеніне әлі де сенімсіздік танытып отыр. Себебі осылай арасында су беріп алдап қоятыны бірінші рет емес дейді олар.