Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған еді
Биыл Ата заңымызға 29 жыл толып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған еді.
Кейін екі жылдан соң жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Ата заң күшіне енді. Осы уақыт ішінде ел конституциясы 6 рет өзгертіліп, жаңғырды. Ал ауқымды шешімдер 2022 жылы қабылданды. Нәтижесінде Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Елімізде Конституциялық сот та құрылып, Парламент депутаттарын сайлау жүйесі де өзгерді.
«Былтырғы сайлауда бәсекелестік өте жоғары болды. Қарапайым халық та, белсенділер де көп қатысты», – деді саясаттанушы Бекнұр Қисықов.
Сондай-ақ мемлекеттің басты құжатында өзгерістен соң жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жазылды. Ал Ата заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқығы мен бостандығы екені айтылған. Сол себепті Тәуелсіздіктің төлқұжаты болған Ата заң қашанда әділетті қоғам, қуатты мемлекет құруды көздейді.
«Конституцияға өзгертулер енгізгелі міне екі жылдай болды. Осы уақытта елімізде кәдімгі қоғамдық саяси деңгейде ешқандай әлеуметтік текетірестер қалыптасқан жоқ. Яғни Конституция қоғамның барлық саласын қамтитын өзгертулермен қамтылып және де ары қарайғы тұрақтылықтың дамуының негізі ретінде дәлелдеді», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау.
Оқи отырыңыз: Қолын тілген: Түркістан түрмесінің сұмдығы