Жаңа жыл қарсаңында Алматы қаласының тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді

newtimes.kz
newtimes.kz
Мереке күндері мегаполисте 4 мыңға жуық тәртіп сақшысы қызмет етпек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жыл қарсаңында Алматы қаласының тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл шаһар тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін жасалған шаруа. Мереке күндері мегаполисте 4 мыңға жуық тәртіп сақшысы қызмет етпек. Олар 5 қаңтарға дейін мерекелік іс-шаралар болатын көшелерді, жалпы қаладағы тыныштықты бақыламақ.

Мейрамбек Тілеубергеновтің полиция саласында қызмет етіп келе жатқанына биыл 17 жыл. Өз кәсібін шын сүйетін тәртіп сақшысының жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алған кезі есінде жоқ. Өйткені бұл күндері Алмалы аудандық полиция басқармасының жеке құрамы да күшейтілген режимге ауысады, жұмыс екі есеге көбейеді. Тәртіп сақшылары қолдан келгенше заң бұзылмауын қадағалайды.Полиция департаменті қазір үш ауысымда күні-түні үздіксіз жұмыс істейді. Бұл халық үшін жасалып отыр.  

«Барлық халық демалады. Басқа облыстардан Жаңа жылға, қонаққа келетіндер бар. Бізде қалада режим күшейеді. Неге? Өйткені, қылмыстың, әкімшілік жауапкершіліктің алдын-алу үшін. Жаңағы қыдырып келіп жатқан, демалып жүрген азаматтардың тыныштығы үшін, сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында мереке шырқы бұзбау үшін тәртіптің қатаң сақталу керек», – деді Алмалы аудандық пб аға инспекторы Мейрамбек Тілеубергенов.

Мейрам күндері жолдағы қауіпсіздікке аса мән берілмек. Өйткені ащы суды ұрттап алып көлік тізгіндейтіндер және аса жоғары жылдамдықпен кешкі жарыс өткізетіндердің қатары артатын көрінеді. Оларға тәртіп сақшылары рейд жүргізіп, өрескел қателіктерді болдырмауға атсалысады.

«Жаңа жылда көбіне отбасылық-тұрмыстық қылмыс жиі тіркеледі. Яғни төбелес, жанжал, ұсақ бұзақылықтар. Соңғы жылдары ауыр және аса ауыр қылмыстар тіркелгені есте жоқ. Әсіресе, мереке кезінде мүлік және қалта ұрлығы, адамдарды алдау жағдайы көп кездеседі. Оңай жолмен олжа тапқысы келетіндер мерекеге дайындықты пайдаланып телефон, ақшаны үптеп кетеді», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жаңа жыл мерекесі халық үшін демалыс болса, ал полицейлер үшін қызу жұмыс. Тәртіп сақшыларының басым бөлігі бұл түнді қызмет бабында қарсы алады. Олар халықты заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Жадыра Омаржан, Адина Смағұлова, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров