Келесі жылы ағартушының 175 жылдығы кеңінен аталып өтпек
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, - деп жырлап кеткен ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың ертең туған күні. Биыл ағартушының дүниеге келгеніне 174 жыл толып отыр. Ал келесі жылы ұлы ақынның мерейтойы дүбірлетіп тойланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сол үшін қазірдің өзінде қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Ал, 9 жастағы жеткіншек Ләйлім Шырақтың Абай өлеңдерін оқу эстафетасы тіпті өзге мемлекеттерге дейін жетті.
Ерекше эстафетаны бастаған Ләйлім Шырақ ұлы ойшылдың 1889 жылы жазған «Әуелі бір суық мұз ақыл зерек...» өлеңін оқыды. Ол кейінгі кезекте бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиевке жолдаған болатын.
Ал мемлекет басшысы 9 жасар Ләйлім Шырақтың Абай өлеңдерін оқуға қатысты ұсынысын қабыл алып, ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып, кезекті одан әрі Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, өнерімен әлемді мойындатқан әнші Димаш Құдайбергеновке жолдады.
Міне содан бері аталған челлендж кең етек алды. Танымал әншілер мен қоғам қайраткерлері, тіпті шетелдің танымал тұлғалары шараны жалғастырып кетті. Осылайша ол тек ел аумағында ғана емес, жер шарында танылған эстафетаға айналды.
Келесі жылы ағартушының 175 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Бүгінде тіпті арнайы мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, көрнекті жазушылар мен қоғам қайраткерлері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, шығармашылық қоғам өкілдері енді. Сондай-ақ оның арасында Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов бар.
«Мерейтой жалпы той үшін жасалатын дүние емес. Бұл – Абайды тану, Абайды таныту. Осы үлкен салада жұмыс істеуіміз керек. Осы уақытқа дейін біз Абайды шын мәнінде тани алдық па, Абайдың үлкен ақыл, ой дариясын түгел игере алдық па деген үлкен сұрақ бар. Оны шын мәнінде игеру мүмкін емес. Бірақ соған тырысып, жұмыс істеуіміз керек», – деді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан МАТЫЖАНОВ.
Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы шілде айының ортасында өткен. Бүгінде дайындық шаралары пысықталуда. Аталған дата ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ ұйымы аясында да тойлау қарастырылған.
Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы