Алматылықтар бизнес негіздерін тегін оқып жатыр

16.08.2019 00:51

Алматы қаласы бойынша 9050 адам оқытылу жоспарланған

Қалалық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында бизнес негіздерін тегін оқытуға кірісті. «Жас кәсіпкер» жобасына 18 бен  29 жас аралығындағы жастар қатыса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қатысушылар 6 пайыз жеңілдікпен несие алып немесе өз бизнесін ашу үшін 500 мың теңге көлемінде тегін грант ұтуларына мүмкіндік бар. Алғашқы легіне 822 азамат қатысса, екінші кезең жақында басталмақ.

«15 қыркүйектен бастап «Бастау» бизнес жобасы іске асады. Жалпы бағдарлама бойынша Алматы қаласы бойынша 9050 адам оқытылу жоспарланған. Соның ішінде 2650 жастар жалпы 21 күн ішінде 10 модуль бойынша сабақ оқиды. Алматы қаласында қазіргі кезде 32 сынып қамтылып отыр.  Соның ішінде олармен бірге бизнес тренерлар мен психологтар жұмыс істейді», – деді Алматы қаласы бойынша «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобаларының жетекшісі Қуанышбек ЕРНИЯЗОВ.

Одан бөлек, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту қолға алынып отыр. Ол үшін арнайы мобильді жұмыспен қамту орталықтары ашылыпты. Олар қаланың адамдар көп шоғырланған 8 жерінде қызмет көрсетуде.

«Қаламыздың осы базар, нарық және вокзалдарында осы мобильдік еңбек орталықтарына қолдау орталықтарын ашып отырмыз. Оның мақсаты – еңбек ақысы төмен, аз қамтылған азаматтарды жұмысқа тарту. Бұған дейін «Байсат», «Барлық» базарларында осындай орталық ашып едік. Аталған  қызметке сұраныс өте жоғары деп айтуға болады», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман ӘБІЛШАЙЫҚОВ.