«Жиһазың аз» деп, «3 күн жұмыста болмапсыз» деп бас-аяғы 170 мың теңге төлеткен
«Сауда жүрмей тұрғаны аздай, «Адем» сауда үйінің басшылығы бізге заңсыз айыппұл төлетіп отыр». Аталған орталықта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Гүлтегі Әбдікәрім арнамызға осындай шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, сауда орындарын жалға берушілер түрлі себептермен ақша жинаған. Сонымен қатар, жұмысқа уақытылы келмегендерден 50 мың теңге көлемінде тағы айыппұл салған. Ал, сауда үйі қожайындарының айтары басқа.
Қолында бума-бума қағазы мен чектері бар Гүлтегі Әбдікәрім «Адем» сауда үйінде жиһаз сатумен айналысып келеді. Айтуынша, жеті ай бұрын жаңа бизнес бастаған. Кәсібін ашқан күннен бері мардымды сауда жасамадым дейді. Ал, жалға берушілер болса келушілерді көбейту мақсатында жарнамаға деп кісіпкерден ақша да алған. Одан ешқандай нәтиже шықпағаннан сауда орынның қожайындары бес айға тегін тұруға жағдай жасаған. Ең сорақысы, Гүлтегінің айтуынша кез-келген жағдайға байланысты айыппұл салатын көрінеді.
«Олардың талабын біз істейміз, бірақ сауда жоқ. Сөйте тұра 170 000 теңге айппұл салыпты маған. 170 000 теңгені бірден қойған жоқ, 50 000 нан бөліп-бөліп төлетті. Есімнен тана жаздадым. Айыппұл тағылып отырғаны да орынсыз. Ешқандай заңсыз. Жиһазың аз деп 50 000 теңге салды. «Үш күн жұмыста болмапсыз» деп, тағы да 50 000 теңге салды», - дейді кәсіпкер Гүлтегі ӘБДІКӘРІМ.
«Баяғы жартас сол жартас». «Адем» сауда орнының суық қаруланған күзетшілері әдеттегідей арна ұжымын басшылық маңына да жолатпады. Бірнеше сағат жүргізілген келіссөздерден кейін ғана орталықтың заңгерімен тілдесу мүмкін болды. Оның айтары, ішкі тіртіп бар. Барлық жалға алушылар келісім-шартқа қол қоярда ондағы ережелермен танысқандығын айтады.
«Келушілердің санын арттыру мақсатында біз барлық кәсіпкерге сауда орнының жұмыс кестесін айтқан болатынбыз. Демек, осы уақыт аралығында барлық дүкендер ашық болу керек. Егер ондай болмаған жағдайда біз айыппұл салуға міндеттіміз. Ондай айыппұлдардың бар екені келісім шартта көрсетілген», - деді сауда орталығының заңгері Мұрат ТӘЖИЕВ.
Осы мәселе бойынша «Атамекен» бизнесті қолдау орталығына хабарласқанымызда екі кәсіпкердің арасындағы дауға біз араласа алмаймыз деп қысқа қайырды. Олардың қолынан келетіні қос тарапты татуластыратын алаң ұсына алатындарын айтты.
Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы