Айнабұлақ-3 ықшамауданында аула сыпырушы аптасына екі-ақ рет келеді екен
Күз және қыс мезгілінде аула сыпырушыларының жалақысын көтеру керек. Кеше ғана Akimat LIVE бағдарламасына қала тұрғыны хабарласып, мегаполис басшысына осындай ұсыныс айтқан еді. Бүгін Almaty.tv тілшісі тазалық сақшыларымен тілдесіп қайтқан еді.
Айнабұлақ-3 ықшамауданын ешкім жинамайтын көрінеді. Аймақ қоқысқа толы. Тіпті, футбол алаңында доп теуіп ойнау мүмкін емес. Тұрғындардың айтуынша, аула сыпырушыны аптасына екі-ақ рет көреді екен. Онда да шала-шарпы жұмыстан кейін артынан өзіміз жинаймыз дейді.
Үйілген жапырақтар, шашылған қоқыс, толған жәшіктер. Ауданда ешқандай да тазалық жоқ. Осының өзі аула сыпырушы жұмысына сын бола алатыны сөзсіз. Тұрғындардың көпшілігі бұл жұмысқа наразы. Бірақ оны тыңдайтын құлақ жоқ. Пәтер иелері кооперативі бізге де сұхбат беруден бас тартты. Аула сыпырушылар жұмысын істеп жатыр дейді. Бірақ біз ауданды екі айналсақ та, жұмысшыны таппадық.
«Ауламызды өте нашар тазалайды. Өздеріңіз де көріп тұрсыздар ғой. Анда-санда бір көреміз оларды. Пәтер иелері кооперативіне шағым айтқанбыз. Олардан еш қайран жоқ. Амалсыз өзіміз реттестіріп отырамыз», – дейді қала тұрғыны Людмила Бекмухамедова.
55 жастағы Бақытбек Қанатбаев – ауған соғысының ардагері. Елге жарақатпен оралғанын айтады. 6 жылдан бері Айнабұлақ-1 ықшамауданында аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Оған екі учаскеге қарасты 24 кіреберісті сыпыру міндеттелген. Таңғы алтыдан бастап адал еңбекке кірісемін дейді ол.
«Өзіме осы жұмыс ұнайды. Жаттығу ғой, әйтеуір. Әркім өз жұмысын жақсы көруі керек. Мен осы сыпырғаным үшін ақша аламын. Ал ақшаны адал термен алу керек қой», – дейді аула сыпырушы Бақытбек Қанатбаев.
Ауданның тазалығына жауапты жанның еңбегін тұрғындар да жоғары бағалайды.
«Біздің аула сыпырушының жұмысы менің көңілімнен шығады. Таңғы алтыдан бастап тынбай еңбектенеді. Сол үшін де айнала мұнтаздай таза. Зор еңбектері үшін алғыс айтқым келеді», – деді қала тұрғыны Наталья Кузнецова.
Ал бұл аймаққа қарасты Пәтер иелері кооперативі төрайымы аула сыпырушылар қанша көп учаскені тазаласа, соншалықты көп табыс табатынын айтты. Күз келісімен жұмыстың көбейгенін айтқан ол тазалық сақшыларының еңбегі расында зор дейді.
«Аула сыпырушылардың жалақысын пәтер иелері кооперативінің өзі белгілейді. Тұрғындар олардың жалақысын көтерейік, еңбектері зор ғой деген ұсыныс айтып жатады. Біз әр подъезге 5500 теңгеден төлейміз. Бұл салыстырмалы түрде ең жоғарғы төлем деп айта аламын», – деді «Натали» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Татьяна Долгих.
Қаладағы тазалықты сақтау өз қолымызда екенін ұмытпау керек. Әр адамның еңбегін бағалап, мүмкіндігіне септескен жөн.
Жанар Ғаниқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы