Алматыда 17 үйдің тұрғындары ПИК экс-есепшісін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды

08.11.2019 02:43

17 көпқабатты үйдің экс есепшісі жертөлелерді 13 жылдан бері басып алған

Олардың айтуынша, келіншек көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесін ешкімнің рұқсатынсыз заңсыз түрде жалға беріп келген. Көңілдері күпті тұрғындар оны сотқа да беріп, жеңіске жеткендеріне қарамастан, бұрынғы есепшінің кірісі қомақты үйжайды босататын ойы жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Үш айдай айлық алмаған соң мастерден бастап сантехник, тіпті аула сыпырушыға дейін жұмыстан шығып кетті. Бізде жұмыс істейтіндердің арасында мүгедек аула сыпырушылар да бар, солар мүгедектер құқығын қорғайтын арнайы қызметке өтініш білдіріпті. Сол себепті де олар бізден талап етуде!», - деді Ирина ТАКСИДИЙ.  

«Сенім» пәтер иелері кооперативіндегі қызметкерлердің жаппай жұмыстан кетуіне уақытылы төленбеген еңбекақы себеп болыпты. Жұмысшылар бірнеше айдан бері маңдай термен тапқан ақшаларын ала алмай жүр. Өйткені, мекеменің ағымдағы шоты бұғатталған. Кооператив басшысы мен тұрғындардың айтуынша, мәселелер экс есепшінің кесірінен болған.

«Электр қуатынсыз қалдық. Подъезде де, аулада да жарық жоқ. Домофон мен жеделсаты істен шыққан. Жедел жәрдем шақырсақ, қараңғы болғандықтан келмейді. Ұры-қары көбейді. Сонда бір ғана Садықованың кесірінен барлығымыз жапа шегіп отырмыз», - деді Светлана ЛУКЪЯНЧИНКОВА.

Тұрғындардың айтуынша, текетірес бұрынғы есепшіден нысанды босатуды сұрағаннан басталыпты. 17 көпқабатты үйдің экс есепшісі оны 13 жылдан бері басып алған. Сол уақыттан бері көпке ортақ жертөлені жалға беріп, қаражатты қалтасына басып жүр деп күдіктенеді. Келісімге келе алмаған олар бұрынғы пәтер иелері кооперативінің бухгалтерін сотқа берген. Істе тұрғындар жеңіске жетіпті. Соттың шешіміне қарамастан келіншек жертөлені босатпай келеді.

«Мәселен, маған екі ыстық және суық су құбырын өшіру керек болды. Алайда, мен жертөлеге кіре алмай қиналдым. Бірақ тұрғын үй туралы заңға сүйенсек, тұрғындар барлық коммуникацияларға күндіз-түні емін-еркін қол жеткізе алуы тиіс», - деді Ольга СЕРГИЕНКО.

Қызығы сол, экс бухгалтер пәтер иелері кооперативінің шотын бұғаттап тастаған. Бірақ оны неліктен жасағаны бізге түсініксіз. Мәселені нақтылау үшін есепшіден мән-жайды білмек болдық. Бірақ, жертөледен кәсіп ашқан келіншек сөйлесуден бас тартты.

Мәселенің ушыққаны соншалық, Алмалы ауданының коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерлерінің  жанжалға араласуына тура келген. Негізінде пәтер иелері кооперативінің жұмысына араласатын құқығы жоқ. Дегенмен, тұрғындар шағып айтса, міндетті түрде жауап  айтады. Аталған сұрақ қазір назарға алынды. Ал тұрғындар болса,  экс есепшінің кәсіпкерлік қызметін тыңғылықты тексеріп, қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр..

Жадыра Омаржан, Жанат Әйтенова, Әрсен Сандыбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы    

Теги: нарушение