Трансформатордың иесі тұрғындарға жауап бермеді
Алматы облысы Қуат ауылында жүзге жуық отбасы жаңа жылды жарықсыз қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жарықтан тарыққан тұрғындар жылдар бойы жиналып қалған мәселесін айтып бас қосты. Жер телімін сатып аларда жер иесі жарықпен де, жолмен де қиындық болмайды деп сендірген еді дейді жергілікті жұрт. Алайда алты жылдан бері көпшілік жанайқайын жоғарығы жеткізе алмай әлек.
Жаңа жылды жарықсыз қарсы алған Қуат аулының тұрғындары мынау жалғыз трансформатрға қосылған. Өйткені әрбір үй 400 мыңнан 1 миллионға дейін ақша бергендерін айтады.
«Халықтың талабы мынау трансформаторды Іле ауданының балансына АЖК-ға өткізу керек. Өкіметке төлесек ақшаны. Олар трансформаторға жауапты болуы керек», – деді Қуат ауылының тұрғыны Светлана Еспанова
Жүз отбасыға берілген трансформатор талай мәрте өртеніпті. Өйткені жүктеме межеден асып кетеді.
«Адамдар қалтасынан ақша жинап, екі рет трансформатор сатып алдық. Жиырма миллион теңге тұрады. Ешкімге ештеңе керегі жоқ. Ешқандай қызмет көрсетілмейді. Кәдімгі XVIII- XIX ғасырдағы адамдар сияқты тұрып жатырмыз», – деді Қуат ауылының тұрғыны Нәзия Мұхитбаева
Ал Іле ауданы әкімдігінің өкілдері «халық жер телімін жекеменшік иесінен сатып алғандықтан, мәселені өз араларында шешсін» дейді.
«Жекеменшік иесі мен халық арасындағы келісім болды ғой. Мемлекет тарапы да кінәлі емес. Берген уәдеге халық қызығып, сатып алды», – деді Өтеген батыр кенті әкімінің орынбасары Қайрат Әуелханұлы.
«Бұл сұрақты шешу үшін, жер телімі - трансформатордың иесі аудан әкімдігне келіп, аудан әкімінің атына өтініш жазады. «Дүниемді мемлекет тарапына өткізуге ықпал етемін» деп. Солай өткізген соң, іске кірісеміз. Трансформатордың артына жиырма, отыз, қырық отбасы тұр. Бұл кісілердің сұрағын шешу үшін ықпал жасаймыз», – деді Іле ауданы Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әуелбек Майшыбаев.
Арызын айтқан ауыл адамдарының мәселесі бүгін де шешілмеді. Өйткені, трансформатордың иесі тұрғындарға жауап бермеді. Ал онсыз келісімді бұзу мүмкін емес екен.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы