Дәрігерлер, журналистерге құқықтық қорғау мен адами қолдау қажет – Дариға Назарбаева

21.04.2020 01:04

Сенат төрайымы қазіргі таңда барлық мәселелерді ушықтырмай, кінәлілерді іздемей, бірлесіп, көмек көрсетіп жұмыс істеу қажет деп атап өтті

Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Дәрігерлер, журналистер төтенше жағдай кезінде алдыңғы қатарда тынбай еңбек етіп жатыр. Оларға құқықтық қорғау мен адами қолдау қажет. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бюро отырысында Дариға Назарбаева осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сенат төрайымы қазіргі таңда барлық мәселелерді ушықтырмай, кінәлілерді іздемей, бірлесіп, көмек көрсетіп жұмыс істеу қажет деп атап өтті. Бұл ретте билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбау фактілерінің қатаң түрде жолын кесу керектігін айтты. Әсіресе полицейлерге шабуыл жасаған немесе оларға қарсылық көрсеткен жағдайда тиісті жаза қолданылуы тиіс деді. Ал, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өкілеттік  шеңберінде ғана әрекет етуге, сыпайы және әдепті болуға шақырды.

«Әріптестер, дәрігерлердің, әскерилердің, еріктілердің, полицейлердің жұмысы туралы ақпараттарды оқып, көріп жатырсыздар. Алайда сол ақпараттың ішінде Алматы қаласында дәрігерлердің жұқтырғаны, журналистерге шабуыл жасалғаны туралы да деректер бар. Сондықтан мен дәрігерлер де, журналистер де алғы шепте жұмыс істеп жатқанын атап өткім келеді. Олар қауіппен бірінші болып бетпе-бет келеді. Алайда соған қарамастан өздерінің кәсіби міндеттерін мінсіз атқарып жатыр. Сол себепті аталған мамандық иелері бірінші кезекте ерекше қорғауды қажет етеді», – деді  ҚР Парламенті сенатының төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА.

Бүгіннен бастап, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында бірқатар кәсіпкерлік субъектілері қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жұмысын қайта бастады. Осыған байланысты Жоғары палата төрайымы кәсіпорындар қызметкерлерін жұмысқа шығаруға дайын ба? Олар өз ұжымдары үшін қауіпсіздік пен гигиенаның барлық қажетті жағдайларын қаншалықты қамтамасыз ете алады деген мәселелерді ортаға салды.

«Әкімдіктер орталық пен жергілікті жерлердегі жұмыстың нашар үйлестірілуі туралы айтып жатыр. Жұмылдыру резерві туралы мәселе ауқымды болып отыр. Қазір бізде жұмылдыру дайындығы бойынша заң жобасы бар. Ол заманауи талаптарға жүйелі әрі кешенді түрде жауап бере алмайды. Жақсы болса да, жаман болса да бізде қазір іс жүзінде тәжірибе бар және оны қызметімізде пайдалану керек», – деді ҚР Парламенті сенатының төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА.