Тазалық және дезинфекциялық шаралар аптасына 1 мәрте жасалады
Қаптап жүрген тарақан мен тышқан. Алматыда қалалық №7 клиникалық ауруханаға тағылған антисанитариялық айып жалған. Бұл туралы қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған мекеменің 16 ота жасау бөлімінде тазалық және дезинфекциялық шаралар аптасына 1 мәрте жасалады екен. Сондай-ақ әр ота алдында бөлме тазаланып, барлық мәлімет арнайы журналға тіркеледі. Санитар мамандардың сөзінше, былтыр желтоқсан айында бұл медициналық нысанда тексеру жүргізгенде ешқандай олқылық анықталмаған. Ал, аурухана қызметкерлері бұл ақпараттан кейін өздері де тексеру ұйымдастырып, барлығы санитариялық талапқа сай екенін айтты.
«24 сағаттық режиммен жұмыс істейтін мекеме. Күніне 50-ден астам ота жасалынады операциялық блокта. Реанимациялық бөлімге 100-ге жуық науқастар өтеді. Жоспарланған немесе жоспарланбаған неше түрлі тексеруден өтеміз. Өзіміздің санэпидемиялық мекемелердің бәрі дезинфекциясын, дератизациясының бәрін өткізіп тұрады. Сондықтан жаңағы роликтегі әр нәрсенің бәрі өтірік деп санаймыз», – деді қалалық № 7 клиникалық аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов.
Еске сала кетсек, 24 ақпанда әлеуметтік желіге қалалық № 7 клиникалық аурухананың лабораториялық және ота жасау бөлімдерінде тазалық сақталмағаны туралы видео тараған болатын. Сондай-ақ бейнежазба авторы мекеме дәлізінде кеміргіштер мен жәндіктердің толып жүргенін айтып, шағымданған.