300-ден астам мекемеге тексеріс жүргізілді
Алматыда мониторингтік топтартың кәсіпкерлік нысандарына тексеріс жүргізуі жалғасып жатыр. Бір ғана Медеу ауданында соңғы аптада 300-ден астам мекемеге тексеріс жүргізіліп, 16 заңды тұлғаға айыппұл салынған. Тіпті, күні кеше 50-ден астам адам жиналып, жасырын той өткізген мейрамхана анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Барлық кәсіпкерден өтінерім ережеге бағынып, санитарлық талаптарды сақтап жұмыс істейік. Қазіргі жағдайға түсіністік танытып, той-томалақты уақытша тоқтата тұрыңыздар. Денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық», – деді Медеу ауданы «Nur Otan» партиясының өкілі Нұржан Ердембеков.
Біз қазір қаладағы түнгі клубтардың біріндеміз. Бұл мекеме сағат тілі шектеулі уақыттан асып кеткеніне қарамастан жұмыс істеуін тоқтатпаған. Тіпті іштегі қызметкерлер біздің келгенімізді көріп есікті құлыптап алды.
Қонаев көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысаны біздің камераны көріп, есікті ашудан бас тартты. Алайда тәртіп сақшылары ішке кірудің амалын тауып, келушілерді ұялы телефонға түсіріп үлгерді.
«Біздің ауданда әдеттегідей 4 мониторингтік топ жұмыс істейді. Екеуі күндіз шықса, қалған 2 топ түнде шығады. Кәсіпкерлік нысандар ашық бағдарламасымен 22:00-ге дейін ал, мобилді қосымшаның көшбасшылары түнгі 12-ге дейін жұмыс істей алады», – деді Медеу аудандық Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Шымбергенұлы.
Егер тәртіп бұзылған жағдайда хаттама толтырылып, жауапты органға жолданады. Бұл ретте тексеріс тобының мүшелері эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық сақтық шараларын қатаң сақтануды сұрайды.
Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы