Бақытжан Сағынтаев Алматының атауын өзгерту мәселесі қарастырылмағанын мәлімдеді

16.12.2019 00:39

Мұндай бастаманы көтерушілер қаланың ескі атауын алманың сирек түрі - апорттың пайда болу тарихымен түсіндіреді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін өзінің инстаграмм парақшасына Алматы қаласының атауын өзгерту мәселесін қарастырмағандығы туралы жазды. Онда әкімдіктің күн тәртібінде бұл мәселе жоқ делінген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ал бұған дейін жазушы, ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Алматы қаласының атауын өзгерту қажеттігі жайында бастама көтерген болатын. Ол алғашқылардың бірі болып петицияға қол қоюға дайын екендігін мәлімдеген еді.

Бұл мәселеге қатысты қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желіде «Қазіргі уақытта біз қала үшін Президент Қасым-ЖомартТоқаевтың алға қойған кешенді міндеттерін шешу жолында жұмыс істеп жатырмыз. Жақында қабылданған «Алматы 2050» Стратегиясын, қысқа және орта мерзімді жоспарларды іске асыру бойынша жұмыстарды жүргізудеміз», -  деп жазған. Алматы қаласының бұрынғы атауын қайтару мәселесін отандастарымыз арасында жиі қозғалатын тақырыпқа айналған көрінеді. Мұндай бастаманы көтеретіндер қаланың ескі атауын алманың сирек түрі - апорттың пайда болу тарихымен түсіндіреді. Ал шаһар атауын өзгертуге қарсы болатындар бұл үшін бюджеттен қосымша шығын кететінін алға тартады.