Алматы облысы Жаңатұрмыс ауылындағы жұрт қырық пышақ болып таласқан жер теліміне шектеу қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, жергілікті прокуратура жан-жақты тергеу жұмысын бастады. Алайда құзырлы орган өкілдері кімнің жауапқа тартылатынын айтпады. Шешімге келіспеген жұрт, жерді қолдануға не себепті тыйым салынғанын білу мақсатында Қарасай аудандық прокуратурасына жүгінді.
«Ол жерде асыл тұқымды мал шаруашылығы бар. 3000-ға жуық ақы төлейтіндер бар. Олар да аудан прокуратурасына және басқа да құзырлы органға жүгінген. Жердің иесі деген құжаттарын көрсетіп дау тудырып отыр. Сіздер мен олардың ортасындағы жер дауы болып тұр. Сол бойынша қазір қылмыстық іс қозғалған», – деді Қарасай ауданының прокуроры Жәнібек Жақаев.
Еске салсақ, бұған дейін Жаңатұрмыстағы телімді сатып алғандар «аумаққа заңсыз үй салынды» десе, тұрғындар жер біздікі деп дес бермеген еді. Учаскенің нақты кімге тиесілі екені прокуратураның тергеу жұмысынан кейін белгілі болмақ.