Мәжіліс депутаттары палатаның жалпы отырысында Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялады
Мәжіліс депутаттары палатаның жалпы отырысында Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың сөзінше, екі елдің үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге 2019 жылдың 30 желтоқсанында қол қойылған.
«Келісімнің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база құру. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының әуе қатынасын ырықтандыру жөніндегі ұсыныстарына және Америка тарапының ұсыныстарына сәйкес, келісім шеңберінде тараптар әуе компаниялары, пункттер мен рейстер саны бойынша, оның ішінде жолаушылар тасымалдары үшін «әуе еркіндігінің» бесінші деңгеймен шектеусіз ұша алады», – дейді Атамқұлов. Министрдің сөзінше, бұл ел тарихындағы алғашқы«ашық аспан»режиміндегі келісім.
Яғни кез келген қазақстандық әуе компаниясы үшінші елдерге жолаушыларды жеткізу және әкелу құқығымен Қазақстанның кез келген қаласынан АҚШ-тың кез келген қаласына жолаушылар тасымалын, сондай-ақ АҚШ пункттері мен АҚШ-тан тыс кез келген пункттер арасында жүк тасымалын орындай алады.
«Келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдау Қазақстан Республикасы тарапынан қосымша бюджеттік шығындар мен міндеттемелерге алып келмейді. Ол еліміздің көліктің қолжетімділігін арттыруға бағытталған», – деді Бейбіт Атамқұлов.