Ал, автобус жүргізушісі дене жарақатын алып, №5 қалалық ауруханаға жеткізілді
Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жыққан азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Самокат тізгіндеген жігіт пен қоғамдық көлік жүргізуші жолға таласып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода самокат тізгендеген тұрғын мен қоғамдық көлік жүргізушісі жолды бөлісе алмағанын байқауға болады. Автобус жүргізушісі аялдамаға тоқатаған кезде, самокаттағы ерегіскен жігіт, жағасына жармасып, жұдырық ала жүгірген. Бет-ауызы қан-жоса болған жүргізуші жігіттің қолындағы самокатты тартып алуға ұмтылды. Жаға жыртысудың соңы айтыпты азаматтың джип көлігінің астына түсуімен аяқталды. Бірақ, оның денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ, тіпті, ол медициналық көмектің қажет емес екенін айтқан. Дау осы жерде доғарылды, бірақ самокат тізгініндегі жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Самокатты тізгіндеген ер адамға қатысты қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір ол тергеуге алынды. Ал автобус жүргізушісі дене жарақаттарын ала салысымен №5 қалалық ауруханаға жеткізіліп, оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Аталған іске қатысты барлығының іс-әрекетіне құқықтық тұрғыда баға берілетін болады», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Самокатты тізгендегеніне біраз уақыт болған Алматы тұрғыны Лиза Хужаметова мұндай жағдайдың күн сайын дерлік өз басынан өтетінін алға тартады. Әдетте, қоғамдық көлік жүргізушілері экотранспорттағы адамдарды байқай бермейтінін айтқан ол тар жолға таласқан жүргізушілердің бір-біріне ерегісуінің соңы апатқа әкелетінін де жасырмады.
«Мен – самокатшылар қауымдастығының да әкімшісімін. Біз мұндай эко транспортпен ары кетсе сағатына 30 шақырым жүре аламыз. Бірақ бізден де қатты жүретін велосипедшілер бар. Ал олар тротуармен жүре алады. Самокат тізгіндегендер жол ережесін бұзбайды деп айта алмаймын. Кейде өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін жаяу жүргінші жолымен жүруімізге тура келеді. Автобус болсын, жеңіл көлік болсын бізді жолда байқамайды. Сондай-ақ, олар жолда тек өздерінің ғана жүргендерін қалайды. Сондықтан, самокатшыларға сабыр сақтау керек. Қит етсе болды, жұдырық алып жүгірген дұрыс емес», – деді самокат тізгіндеуші Лиза ХУЖАМЕТОВА.
Темір тұлпар тізгіндеген тұрғындардың бірі егер екі тарап та ереже сақтаса, жолды жанжалсыз-ақ бөлісуге болады дейді. Дегенмен ол электрсамокат үшін арнайы жолақтың болғаны дұрыс екенін айтты.
«Оларға да тротуармен жүруге заң шығарса. Әйтпесе, кедергі жасайды ғой негізі», – деді бір тұрғын.
«Бөлек жол жасау керек самокатқа. Себебі өзім рөлдемін. Маған кедергі жасайды. Сайтан сияқты аяқ астынан сап ете қалады», – деді тағы бір жүргізуші.
Жол ережесіне сәйкес, негізі электрсамокаттар велосипед жолағымен қозғалуы керек. Ондай жолақ болмаған жағайда, жолдың оң жақ шетімен, оның ішінде бағыттағы көлік құралдарына арналған жолақтармен жүреді. Қысқасы, мұндай эко транспорт жүргізушілеріне жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады.
Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы.