Алматыда зиянды қалдық шығаратын көліктерді экосергек анықтайды

07.02.2024 00:42

Олар қалада 29 орынға орналастырылды

Almaty.tv

Алматыда енді зиянды заттар шығаратын көлікті көшедегі экосергек анықтайды. 10 ақпаннан бастап арнайы нормадан артық зиян газ шығаратын темір тұлпар туралы ақпарат тікелей полицияға жөнелтілетін болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполисте нормадан көп зиян газ бен түтін шығаратын автомобильді арнайы құрал арқылы анықтау шарасы былтыр желтоқсанда сынақ ретінде басталған. Ал 1 қаңтардан бастап экосергектер толық іске қосылды. Қазір ең көп көлік ағыны бар 29 орынға орналастырылған құрылғылардың жұмыс істеу тәртібі өзгеше. Арнайы  құрылғы дәл қай автомобильдің мөлшерден тыс зиянды газ шығарғанын анықтауға мүмкіндік береді.

– Экосергек тұрған орындарында газ концентрациясының жоғарылауын анықтайды. «Сергек» аппараттық-бағдарламалық жүйелері құрылғының жанында болған «күдікті көліктердің» шеңберін белгілеп, тіркейді. Содан кейін камералар сенсорлар орнатылған басқа қиылыстардағы сол көліктің көрсеткішін қарап тексереді. Бірнеше қайталаудан кейін уытты заттар көбеюінің негізі болған нақты көлікті анықтайды. Жүйе тізімін жасап, ақпарат уәкілетті органдарға беріледі, – деді жоба менеджері Андрей Литвинов.

Отандық құрылғы өз бетінше айыппұл жазбайды. Сондықтан тізімді алған орган көлікті экобекеттерге жіберіп, айыппұл салмас бұрын қосымша тексеруден өткізеді.  Экология мәселесі өзекті болып тұрған оңтүстік астананың кіреберістерінде арнайы экологиялық бекеттер жұмыс істеп тұр. Қазір олардың саны - 19. Одан бөлек, қолайлы ауа райы кезінде жылжымалы экобекеттер де рейдке шығып тұрады.

Экобекетте машинаны ғылыми әдіспен тексереді. Себебі мұнда тек патрульді полиция қызметкері ғана емес,  эколог-мамандар да бірлесе жұмыс істейді. Ал мамандар жаңа құрылғылардың ақпаратты құзырлы мекемелерге жіберіліп отырса, зиянды газ шығаратын темір тұлпар иелерін анықтауға көмек болатынын айтты. Себебі олар күніне 50-ден аса көлікті тоқтатуға қауқарлы.

– Күнде 6-7 жүргізушіге айыппұл салынып жатыр. Барлық автокөлікті тексеруге үлгере алмаймыз. Мұндай қондырғылар қойылғаны өте тиімді, – деді экологиялық бекеттің эколог маманы Берік Сыдықов.

Көліктердің зиянды зат шығаруы белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда, оларға хаттама толтырылады. Алғаш толтырылған кезде –10 АЕК, яғни 37000 теңгеге жуық айыппұл салынады. Ал қайталанса, оның көлемі еселенеді.

Айта кетейік, 10 ақпаннан бастап темір тұлпар туралы ақпараттар тікелей полицияға жөнелтілетін болғандықтан, көлігіңізді қазірден тексертіп, жөндегеніңіз абзал.

Жансая Олжабек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда бөтеннің мүлкін ұрлау саны азайды