Прокуратура ұсталғандар арасында құмар ойынға берілгендер мен несиесін төлей алмағандардың көп екенін мәлімдеді
Жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен тергеу изоляторына қамалғандардың 30 пайыздан астамы – құмар ойындарға берілгендер. Бұл туралы прокуратура өкілдері мәлімдеді. Тергеушілер күдіктілерден жан-жақты жауап алған соң осындай қорытындыға келген. Сондай-ақ тергеуге алынғандардың 90%-дан астамының несиесі мен басқа да қарыздары бар екенін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу изололяторына қамалған Қарағанды өңірінің тумасы Алматыға өткен жылдың күзінде келген. Тұрақты жұмыс орны болмаған. Бар тапқан-таянғанын құмар ойындарға салып отырыпты. Оңай олжалы болуға еті үйренгендіктен, дүрбелеңде тонауға кіріскенін айтады.
«Құмар ойындарынан ұтыс болмай, маған қаражат керек болды. Сол сәтте қаладағы жағдайды пайдаланып қалғым келді. Содан «Максима» сауда орталығына жетіп, барлығы тонауға кіріскенде, мен де қарап қалмай, заттарды рұқсатсыз ала бастадым. Қолға түскенді кейін сатып, қарыздан құтылғым келді. Осы тұста айта кетсем, дүрбелең кезінде көшеде бір үлкен кісінің көпшілікке «Көлік нөмірін шешіңдер, камераларды сындырыңдар» деп бұйырып жатқанын көріп қалдым. Сол кезде барлығының астаң-кестеңі шығып жатты», - дейді күдікті.
Күдікті деп танылып, тергеу изоляторында отырғандардың 92 пайызы – несиесін уақытылы төлей алмай, қарызға белшесінен батқандар. Бұл арнайы сауалнама жүргізу арқылы анықталыпты. ЛА-155/18 мекемесінің бастығы тергеуге қатысты арнайы комиссия құрылғанын айтты.
«Дүрбелеңнен кейін біздің мекемеге 500 адам жеткізілді. Оның 200-і қазір қамауда отыр. Арасында изолятордан үйқамаққа ауыстырылғандар да бар», - деді ЛА-155/18 мекемесінің бастығы Әсет Жұмадиев.
Қаңтар айының басында өткен шеру кей қалаларда жаппай тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласты. Прокуратура соңғы рет ел бойынша тергеуге алынған 3096 адамның 113-і бұрын сотталғанын және 181 қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы