Егер 2012 жылы мұндағы балалардың саны 300-ге жуық болса, қазір 50-ге де жетпейді екен
Ересек өмірге ерте енгендер. Халықаралық балаларды қорғау күнінде еліміздегі жалғыз жасөспірімдерді түзету мекемесіне келушілер көп болды. Көбі – жаза басқан балаларын көруге келген ата-ана. Тәрбиелеу мекемесінде жылына кем дегенде 3 рет ашық есік күні ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір ғана биік қабырға көптеген балаларды арманынан ажыратып тастағандай. Жастайынан жаза басып, қылмысқа барған жасөспірімдерді тәрбиелейтін орынға кез келген күні жан баласы кіре алмайды. Бірақ, ЛА-155/6 мекемесі 1-маусымда ашық болды, бәрі ата-анасын күтті. Алайда Нұркен есікке көз сүзген жоқ. Себебі, ол өзін ешкім іздеп келмейтінін біледі.
«Арманым – тезірек босап шығу, басқа ештеңенің керегі жоқ. Бостандыққа шыққан соң жұмысқа орналасамын. Өзім газоснабжениені бітіргенмін. Бастық болам бұйырса...», – дейді жазасын өтеуші Нұркен ИСАЕВ.
Айта кету керек бұл Қазақстандағы жалғыз кәмелет жасқа толмаған балалардың жазасын өтеу мекемесі. Қызметкерлердің айтуынша, бұл мекемеге келіп жазасын өтеушілердің саны жыл санап азайып келетін көрінеді. Егер 2012 жылы балалардың саны 300-ге жуық болса, қазір 50-ге де жетпейді дейді.
Түзету мекемесі деген аты ғана болмаса, жазасын өтеушілер онда бір үйдің баласындай өмір сүреді. Оқушылармен қатар, білім алады, бос уақыттарын қызықты өткізіп, әлем жаңалықтарын қалт жібермейді. Балалардың үлгілі тәртіп көрсетіп, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына да болады екен.
«Тек Ашық есік күні ғана емес, балалардың ата-аналары келіп, жатқан орындарын, қандай іспен айналысатынын көріп кетуіне мүмкіндік жасалған. Бізде тіпті мектеп те бар. Бүгінгі шара ата-аналар сол мектептің мұғалімдерімен сөйлесіп, балаларының қалай оқып жатқанын, тәрбие берушілерден олардың қандай тәрбие алып жатқанын, көрсін деген оймен әдейі ұйымдастырылды», – дейді «ЛА-155/6» Түзету мекемесінің басшысы Ертай ШӘКЕНОВ.
Еліміздегі өзі тектес жалғыз мекеме болған соң, ондағы жазасын өтеушілер де республиканың түкпір-түкпірінен жиналған. Ашық есік күнінде бауыр еті баласымен кездесу мүмкіндігін ешқандай әке мен ана жіберіп алғысы келмейтіні рас.
«Ұлыммен көріспегелі 1 жыл болды. Бүгін кездесу үшін арнайы Өскемен қаласынан келіп тұрмын. Жазасының екі жылын өтеді. Негізі жеті жыл берген болатын. Бұл жерде жағдайы жақсы екенін көрдім. Оқытып, жұмыс табуға көмектеседі екен. Мекеме басшысына алғыс айтамын, жағдайыма қарап, баламмен кездесуге мүмкіндік жасап, барым-қайту жолымды төлеп берді. Бірақ бостандықта жүргенге ештеңе жетпейді ғой?! Ұлым шығатын күнді асыға күтемін», – дейді жазасын өтеушінің анасы ЕЛЕНА ОСИПОВА.
Азамат Әуезхан, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы телеарнасы