Бүгінде 16 кітапхана жөндеуден өтіп, жаңа форматта жұмыс істеуге көшкен
Бүгін қаламыздағы кезекті кітапхана қайта жаңғырды. Крылов атындағы балалар кітапханасы – орталықтандырылған кітапханалар жүйесін ауқымды жаңарту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтіп, өз оқырмандарына есігін қайта ашты. Заманауи келбетке ие болған бұл орында енді түрлі үйірмелер мен оқырмандар үшін ыңғайлы аймақтар бар. Айта кетейік, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, бүгінде 16 кітапхана жөндеуден өтіп, жаңа форматта жұмыс істеуге көшкен, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бұл бүгінгі таңда негізгі кітапханалардың жаңа форматтағы келбеті барша алматылықтар үшін үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл кітап оқуға деген, кітапқа баулуға деген үлкен серпіліс береді. Бұдан бөлек, кітапханаларда бірнеше көрмелер ұйымдастырылады», – деді қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Кітапхананың ашылу салтанатында қазақ әдебиетінің классигі Сайын Мұратбековтің әңгімелер жинағы таныстырылды. Ерекше атап өту керек, жинақ отандық әдебиетті шетелге таныту мақсатымен ағылшын тіліне аударылып, «The crossing and other stories» деп аталған. Заңғар тұлғаның туындыларын Лондон қаласында аудару және басып шығару Алматы әкімдігінің қолдауы мен Қазақ «ПЕН» клубының белсенді жұмысының нәтижесінде жүзеге асқан.
«Сайын Мұратбековті біздің елімізде өзінің тірі кезінде керемет жазушы ретінде «Қазақтың Чеховы» дейтін. Сондықтан біздің бүгінгі осындай тұсаукесер рәсіміміз рухани жаңғыруға, қазақ әдебиетін әлемге таныстуға қосылған үлесіміз деп білем», – деді Қазақ «ПЕН» клубының президенті Бигелді Ғабдуллин.
«Оқиғаға біз бәріміз разы болып отырмыз. Сайын ағаның шәкірті ретінде және алғысымызды айтып отырмыз. Осындай кітаптың қазақ әдебиетінің бір шоқтықты, орны толмас жазушысының әлемнің алдыңғы қатарлы ағылшын тілінде жарық көргеніне қуанып отырмыз», – деді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай.