Бұл – екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үй тұрғындарының жанайқайы
Елорда іргесіндегі «Лесная поляна» тұрғын үй алабындағы көпқабатты үйлердің біріндегі тұрғындар ауыз суға жарымай отыр. Әсіресе соңғы аптада тіршілік нәрінен тарығып қалдық деп шағымданады жұртшылық. Комммуналдық қызмет ақысының қымбаттығына қарамастан, жарық жиі сөніп, ауыз су ақпай қалады екен. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек анықтады.
Бұл – екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үй тұрғындарының жанайқайы. Жарты айдан бері ауыз суға жарымай отырғанын айтады. Тұрғындардың бірі мұндай түйткілдің туындауына ПИК кінәлі десе, енді бірінің су жеткізуші компанияға өкпесі қара қазандай.
«ПИК дұрыс жұмыс істемейді. Мысалы, бір адам бір айға ПИК-тің 3-4 мың теңгесін төлей алмай қалсыншы бірден сотқа жібереді... Ал, ақша алғанға келгенде кеңірдегіңді сығып тұрып алады. Бұл қандай не?...», – деді тұрғын Ардаби Мәулетұлы.
Судың ағыны, әсіресе, кешкі уақытта баяулайды екен. Тұрғындар жұмыстан келіп, не жуына алмайтынын, не ас әзірлей алмай қиналатынын айтады.
«Күнде кешке бізде су жоқ. Екі жұма болды. Кешкі 5-6 дан басталады, содан түнгі сағат 00.00-ге дейін су жоқ. Нағыз керек кезінде. Қазір карантин кезі, барлығы үйде отыр ғой. Су керек қой. Жұмыс істейтін адамдар бар. Мен өзім жұмыс істеймін. Келесің су жоқ. Тамақ істеу керек, жуыну керек. «Жиі қолыңды жу» дейді. Қайдағы қол жуған», – деді тұрғын Ләззат Оспанова.
Мәселенің мән-жайын ПИК өкілдерінен білмек болдық. Алайда олар үй құрылысын жүргізген компанияға сілтеді. Ал, құрылыс компаниясының өкілі су сорғылар жұмыс істеп тұрғанын, өздерінің еш кінәсі жоқтығын айтып ақталды.
«Міне, жаңа өзіңіз жылу торабында қысымды арттыру станциясын көрдіңіз. Ол жобалық станция, ешқандай ақау жоқ. Онда манометр 3 бар көрсетіп тұр. Бұл жеткілікті. Не себепті кешке су азаяды, өйткені сол уақытта көп қолданады. Дегенмен себеп үшінші көтеру құрылғысында болып тұр. Оған әлі сорғы қоймаған. Ондағы кішкентай сорғылардың орнына үлкенін ауыстыру керек болатын. Оған жауапты – Су арнасы»,– деді мердігер компания инженері Владимир Горбунов.
Ал, сумен қамтамасыз етуші компания басшылығы сорғы станциясы тәулігіне 6 мың текше метр су шығаратынын мәлімдеді. Бұл бүтін бір шағын ауданды сумен қамтамасыз ету үшін жеткілікті екен. «Целиноград су арнасы» Қосшы филиалының басшысы Елена Мұхамеджанованың айтуынша, осы жылдың ақпан айында ПИК-ке хат жолдаған. Онда ол тұрғын үйлердегі сорғылар туралы мәлімет беруін сұраған. Алайда ешқандай жауап келмеген.
«Мен осындай мәселе туындайтынын біліп ем. Жоғары қысым қамтамасыз етілген. Одан жоғары көтере алмаймыз, өйткені құбырларды жарып жібереді. Бізге осы 34- үй тұрғындары ғана шағымданды. Олардың жертөлелерінде вакумды сорғы болуы керек. Құрылыс барысында мердігер немесе ПИК қайда қарағанын білмеймін», – деді «Целиноград су арнасы» филиалының директоры Елена Мухамеджанова.
Бұл мәселеде кінәліні табу мүмкін болмады. Мекемелер бір-біріне жала жауып, өздерін ақтап әлек. Осындай жауаптардан кейін тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмей дал. Ендігі үміттері Ақмола облысының басшылығы мәселеге назар аударады деп сенеді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы