Оған наразы болған жұрт сотқа жүгінген
Маңғыстау облысында шаруалар мал жайып жүрген жайылымынан айрылып қалды. Бұл жер карьер қазу үшін кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкімдік алқаптарды қайтару үшін сотқа жүгінгенімен, сот іскер азаматтың пайдасына шешім шығарған.
Мұнайлы ауданындағы Жетікөл жері бір жарым жылдан бері бизнес пен шаруалардың дау-дамайына айналды. Елдің жер қойнауын пайдаланудың интерактивті картасына сәйкес 55 гектар аумақ кәсіпкерге беріліпті. Ал бұл жерлер Мұнайлы ауданының 5 ауылы мен ірі мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін ондаған жыл бойы жайылым болған еді.
«Бұл жерде 10 ауыл бар. Сол ауылдардың барлық малы өріске осы жерге шығады, басқа жайылым жоқ», – дейді шаруа Сағат Қонысов.
«Олар үлкен арнайы техникамен келіп, әкімшіліктің аумағындай жерді 3 метрдей тереңдікте қазып тастады. Қоршаған ортаға, табиғатқа, мемлекетке залал келтіріп тұр. Ол жер әлі де ашық күйінде жатыр. Біз карьердің ашылуына қарсымыз. Екіншіден, 22 мамырдағы ауданаралық сот судьясы Байғожаевтың төрағалық етуімен шыққан сот шешіміне түбегейлі қарсымыз», – дейді шаруа Ерлан Қозыбағаров.
Шаруалар карьерді кәсіпкерге беру үшін алдын ала қоғамдық тыңдауға қатыспағанын алға тартты. Мүдделі тараптың жобасы бірден мақұлданған. Өткен жылдың ақпанында кәсіпкер құрылыс алаңын дайындай бастаған. Оған наразы болған шаруалар сотқа жүгініпті. Бірақ жұрттың мүддесін қорғаған жергілікті әкімдікті де іскер сотқа берген. Алайда ауылдық жер қатынастары бөлімі карьерді дамытуға арналған лицензия тікелей Индустрия және инновациялық даму министрлігінде ғана беріледі деді.
«Лицензияны алған кезде кез келген тұлға министрліктен интерактивті карта алады. Ол картада жерлер блокталып бөлініп тұрады, сол жерді рәсімдеп алады. Ол туралы әкімдіктен ешқандай келісім алмайды», – деді Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Орынбасаров.
Әкімдік өкілдері халықтың пікірі ескерілмегенін атап өтті. Енді шенеуніктер жер қойнауын пайдаланушыларға жер учаскесін беру қағидасын қайта қарау туралы сұраумен Индустрия министрлігіне жүгінбекші.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы