Көлігінің дөңгелегін ауыстырмаған жүргізушілер жауапқа тартылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Техникалық регламентте барлық маусымға жарамды деген дөңгелек жарамайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгіннен бастап көлігінің дөңгелегін ауыстырмаған жүргізушілер жауапқа тартылады. Ала жаздай бір шинамен жүріп, қыс түскенде де қам қылмағандарға салынатын айыппұл мөлшері аз емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы жүргізушілерінің көбі қар түспей қамданыпты. Бірақ тозығы шыққан дөңгелегін ауыстырмағандар да аз емес. Талай жол апатына себеп болған төрт дөңгелектің жайына бей-жай қарайтындар бүгіннен бастап 17 250 теңгеден айыппұл арқалайды.

Осыған дейін ақпараттық алаңның бәрінде жауапқа тартудың желтоқсаннан басталатыны жарияланған. Қараша бойы жол сақшылары жүргізушілерге ескерту ғана беріп, профилактика да жүргізген еді.

– Бүгіннен бастап ескерту жоқ. ҚР Әкімшілік Кодексітің 590-баптың 5-тармағы бойынша 5 АӘК айыппұл салынады, – деді Жол полициясы басқармасы мамандандырылған батальонының аға инспекторы Ермек Меңғалиев.

Бір рет айыппұлға іліккен жүргізуші келесіде тағы тәртіп бұзса, яғни дөңгелегін жуық арада ауыстырмаса, 17 мың теңге емес, 34 500 теңге төлейді. Қазір қар жоқ, ал кейінірек көктайғақта сырғанап жүрген көліктер көзге түссе, полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірді алып қоюға да құқылы. Осыны ескеріп, соңғы күнде де дөңгелегін қалыпқа келтіріп жатқандар кездесті.

– 1 желтоқсаннан бастап айыппұл төлеп жүрмеу үшін дөңгелегімізді ауыстырдық. Айыппұл емес, өзіміздің және отбасымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дөңгелекті айырбастаймыз, – деді қала тұрғыны Нұржан Мамырбек.

– 10 күннен бері күніне 40-50 машина дөңгелек ауыстырды. Ал әдетте 15-20 көлік дөңгелек ауыстыратын, – деді қала тұрғыны Ихтибар Азизов.

Ереже ойдан құрастырылған жоқ. Заңға сай жұмыс істеп жатырмыз деген полицейлердің айтуынша, тәртіпті қатаңдатудағы басты мақсат – жол апатының азаюына сеп болу. Өйткені, былтырғы қыста дәл осы себеппен 1500-ден аса құқықбұзушылық тіркелген.

– Алматы қаласында кішігірім жауын-шашын жауғанның өзінде қала көшелерінде хаос болады. Неліктен? Жол-көлік оқиғалары көбейіп кетеді. Кейбір азаматтар өз көлігін қысқы маусымға дайындамайды. Ол – жауапкершіліктің мәселесі. Аса жауапкершілікпен, заң талаптарын сақтауды сұраймыз! – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек

Техникалық регламентте барлық маусымға жарамды деген дөңгелек жарамайды. Тіпті бүрі бар дегеннің өзі кедір-бұдыры 4 мм-ге жетпесе, тозған болып саналады. Ал Қара суық қарға ұласса да бір дөңгелекпен жүріп, өзге де көлік құралдарына қауіп төндіретін жүргізушілерді көктемге дейін текеру жалғаспақ.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров