Өзін-өіз ақтай алмаған кәсіпкерлер балабақша ақшасын көтерейін десе, ата-аналарға оңай соқпай тұр
Атыраудағы жеке балабақша иелері мемлекеттен субсидия ала алмағанына наразы. Олар көптен бері мемлекеттен конкурс ала алмай, құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр. Ондаған қызметкерді жұмыспен қамтып отырған бөбекжай мемлекеттік кезекте тұрған балаларды да қабылдай алатын мүмкіндікке ие, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекеттен балабақшаларға арналып бөлінетін субсидияға іліге алмаған біраз бөбекжай қазір жабылып та үлгерген. Енді жеке балабақша иелері мемлекеттік сатып алу пункті бойынша жұмыстарын жүргізе алмай отыр. Бұл туралы министрлікке де шағымданған көрінеді.
«Білім министрлігі бізге жазған жауабында ешқандай заңбұзушылық болмайды деген. Егер біз осы жылда конкурсқа қатыса алмасақ, онда 2023 жылға дейін де дәл осылай болады. Біз мұның қашанға дейін созылатынын білмейміз. Бұл уақыт аралығында қаншама балабақша банкротқа ұшырады», – деді қазақстандық Үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілі Әлия Мерекова.
Өз-өзін ақтай алмай сарсаң болған кәсіпкерлер балабақша ақшасын көтерейін десе, ата-аналарға оңай соқпай тұр. Ендігі үміт – тек Үкіметте. Ал білім басқармасының өкілдері «Бірнеше хат жолдадық, шешім күтіп отырмыз» деп қысқа қайырды.
«Бізге келіп тұрған жауап: «Енетін өзгерісті күтіңіздер». Сондықтан бүгінгі күні біз конкурсты аша алмай тұрмыз. Заңды жолы – комиссия құру. Комиссия құрылғаннан кейін конкурс ашылуы керек. Конкурс ашылғаннан кейін барып мемтапсырыс болады», – деді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева.
Ал жақын жердегі жеке балабақшаларға балаларын апаратын ата-аналар да жеке кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетсе, көп көмек болар еді дейді. Өйткені, бұл алдымен кезекті жылжытады, екіншіден қаржысы да қолжетімді болады.
Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан