Исаев ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр

26.02.2020 00:54

Тұрғындар балаларын мектепке жіберуден бас тартып, наразылық танытты

Алматы облысына қарасты Исаев ауылының тұрғындары балаларын мектепке жіберуден бас тартып, наразылық танытты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  Ашынған жұрт мұндай қадамға шарасыздықтан барып отыр. Олар ауылдағы жолдың адам төзгісіз жағдайда екенін, балалар тұрмақ ересектердің өзі батпақтан аяқ алып жүре алмайтынын айтып, арнамызға хабарласқан еді.

Сол кездегі Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары болған Бекжан Әбжанов 2017 жылы арнамызға берген сұхбатында  жол мәселесі уақытылы шешіліп, мектеп аумағына асфальт төселеді деп сендірген. Алайда біз бүгін елді-мекендегі жағдай мүлдем басқаша екеніне көз жеткіздік. Бүгінде Исаев ауылының тұрғындары жол азабын әлі күнге тартып келеді. Батпаққа белшеден батқан әлеумет ендігі жерде бала-шағаны мектепке жібермеуге бекінген. Жауаптылардың селқостығынан, биліктегілер мәселеге жөнді қарамағаны себепті осындай қадамға баруға мәжбүрміз дейді халық.

БЛИЦ: 

1) Бір айдың ішінде осы жерді жасап береміз деп айтқан сөзі бар. Ол орындалмады.

2) Енді көпшілік баланы мектепке жібермейміз деген шешім қабылдап отыр. Жақсылық па осы? Мынау мектеп тоқтайтын болса, күрекпен болса да жасап шығады осы жолды. Енді соған келіп тұр,  одан басқа амал қалмады.

3) Балаларды сабаққа жібермейміз. Бір ай болса, бір ай, екі ай болса, екі ай. Қашан жол жасалады, сол уақытта ғана балаларымызды жібереміз. Не автобусымыз жоқ қатынап жатқан.

4) Ауыл балалары көшемен жүруден қалған. Саз балшықтан қорғанамыз деп, иесіз жатқан учаскелер арқылы жүріп, түрлі жарақат алатын көрінеді.

Исаев ауылының оқушылары күнде осындай езілген ми батпақ жолмен жүруге мәжбүр. Балалар да, ата-аналар да жайсыз жолдан әбден мезі болған. Балалардың мектепке барып, білім алуға құлқы жоқ.

Ата-аналар балаларына ай сайын қос-қостап аяқ киім алатын болса, ауыл шопырлары жиі дөңгелек ауыстырып, қалтадан қағылады. Тұрғындар жол, жарық, қауіпсіздік жайын айтып, жауаптылардың есігін талай тоздырғанбыз дейді. Наразы халықтың жан айқайын бүгін ауыл әкімі де тыңдады. Алайда кезекті сөзбен шулаған жұртты басуға тырысып бақты.

«Сол тендерді ұтқан мекемемен сөйлесіп жатырмыз. Бұл компания 24 шақырым қиыршық тасқа ұтқан болатын.  Мүмкін жаңағы мектептің айналасын жөндеуге ықпал етеміз,  бірақ енді ол жасалады деп айта алмаймыз қазір», – дейді Қарасай ауданы елтай ауылдық округінің әкімі Бекжан ӘБЖАН.  

Қиыршық тас қана төсеп беруге қауқарлымыз деген округ әкімі былтыр жол құрылысына 500 млн теңге бөлінген дейді. Ал ауданның құрылысына  жауапты мамандар елдімекенге биылдан қалмай асфальт төселеді дейді.

«500 млн теңге қаражат бөлінді. Қазір қаржы көзі ашылды. Осы наурыз айының онынан бастап жұмыстар басталатын болады. Сүйінбай көшесі, Бұқар жырау көшесіне жабынды бетон асфальт төселетін болады. Ұзындығы шамамен алты шақырым», – дейді  Алматы облысы қарасай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жарас ҚАТУБАЕВ

Атқамінерлердің сөзінше, Исаев ауылының басты жолдары тамыз айында жасалып бітеді. Асфальт төселсе, көше жарығы мәселесі де шешімін табады дейді шенділер.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов