Бұл мақсаттарға алдағы үш жылда жыл сайын 30 миллиард теңгеден бөлінетін болады
Үкімет үйінде өткен брифингіде Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 53 кентті қаржыландыру көзделіп отырғанын айтты. Бұл мақсаттарға алдағы үш жылда жыл сайын 30 миллиард теңгеден бөлінетін болады. Қазір даму әлеуеті жоғары елдімекендер анықталуда. деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біз 6,5 мың ауылдық елдімекеннен болашағы бар деген 3,5 мыңға жуық елдімекенді іріктеуді жоспарлап жатырмыз. Ауыл тұрғындары басқа жерге, қалаға көшпеуі үшін оларға біз жағдай жасап беруіміз керек. Жолдарын, мектептерін, басқа инфрақұрылымын жөндеп беріп, агроөнеркәсіп кешенді бағдарламасы арқылы сол жердегі істейтін кәсіпорындарға, шаруа қожалықтарынан жұмыс ашып беру шарт», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ермек АЛПЫСОВ.
Бұдан бөлек, вице-министр ауылға баратын жастардың қатарына, яғни «Дипломмен ауылға» жобасына мемлекеттік қызметкерлерді енгізу мәселесіне ерекше тоқталды.
Еске сала кетейік, бұл бастаманы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік көтерген болатын. Бұл ретте журналистердің тарапынан басқарушылық қызметке мамандарды тағайындау қаншалықты әділ жүргізіледі деген сауалына Ермек Алпысов осылай деп жауап қатты.
«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша арнайы комиссияның жұмысын реттеу үшін осы комиссияның хатшысы құжаттарды қабылдайды. Біз оны келесі жылдан бастап электронды түрге көшіруді жоспарлап жатырмыз. Сондықтан «бәке, сәке» деген бітетін шығар», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ермек АЛПЫСОВ.