Наурызбайлықтар бұдан былай ауызсудан тарықпайды. Бүгін кезекті рет халық алдында есеп берген аудан әкімі Санжар Тоғай осылай деді. Себебі, сапалы тіршілік нәріне қол жеткізу өзекті мәселе болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы уақытқа дейін дүйім ел «Қарғалы» мен «Ақсай» өзендерінен су алып ішіп келеді. Биыл Наурызбайда 110 шақырым су және 71 шақырым кәріз құбыры салынады. Сонымен қатар, тіршілік нәрін тартатын қос станцияның құрылысы басталмақ. Бұл жоба он шағынауданды таза ауыз сумен қамтамасыз етеді.
«Қазір көптеген мәселе шешіліп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біздің ауданда 348 көше бар. Бұл аудан құрылғанда өте кішкентай пайызында асфальт бар еді. Қазір 234 көшеде асфальт салдық. Бүгінгі таңда 67 пайызды құрап отыр. Биыл тағы 55 көшеге жоба жасадық. Жарты жылдыққа мен ойлаймын одан да көп көшелерді қалпына келтіреміз», - деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар ТОҒАЙ.
Аудан тұрғындарын жарықпен қамтамасыз ету де маңызды мәселелердің бірі. Трансформаторлар мен электр желілеріне тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен олардың да тозығы жеткен. Өткен жылы 8 трансформатор күрделі жөндеуден өтіп, 212 электр бағандары ауыстырылды. Жекенің қолындағы 34 электр торабы қала балансына өтті. Одан бөлек, 27 шақырым электр желісі бар 20 трансформаторға қатысты сот шешімі шықты. Енді олар қаланың коммуналдық меншігіне өтпек.