Әуезов ауданында 8 қазаннан бері тұрақты түрде 2 мобильді топ жұмыс істеп келеді
Алматының Әуезов ауданындағы бақылау тобы бірнеше заңбұзушылықты анықтады. Тексеріс барысында бекітілген ережені ескермей, жұмысын жалғастыра берген бірнеше нысан белгілі болды. Түнгі рейд жұмыстары қалай өтті? Заңды елегісі келмейтіндерге қандай жаза қолданылмақ? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.
Мамандар кеш батқанда Әуезов ауданындағы кафелердің біріне бас сұқты. Қоғамдық тамақтану орны рұқсат етілген уақыт аяқталса да, қызметін жайбарақат жалғастырып жатыр екен. Тексеріс тобын көргені сол, барлығы есікке қарай ағыла жөнелді. Бекітілген қаулыға сәйкес, барлық қызметкерлер медециналық маска тағуы керек. Антисептик пен қонақтарды тіркейтін қойын дәптері қоймада емес, кіреберісте тұруы шарт. Ал кафе әкімшілігі болса, қонақтарға екіге дейін жұмыс істейміз деп уәде берген көрінеді.
Мониторингтік топ өкілдері мұндай жұмыстардың жүргізілуі-алдымен халық саулығы үшін дейді.
«Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыс қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, біздің ауданда көптеген ойын-сауық орындары бар. Солардың бәрінің жұмысын, заңсыз жұмыстарды тоқтату мақсатында және халықтың санитарлық нормалардың сақтауы басты міндет болады», – деді Әуезов ауданы Кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айбек Әлишәріпов.
Бұл – Әуезов ауданындағы караоке клубтарының бірі. Бекітілген ереженің ешқайсысын ескермей, өз жұмысын жалғастыра берген. Сағат 23:42-ні көрсетсе де, келушілерді құшақ жая қарсы алған көрінеді. Ал біздің тексеріс тобын көре сала, меймандардың өзі тіпті мынадай мерекелік дастархандарын тастай сала, жапа-тармағай тарай жөнелді.
Түннің бір уағы болса да, бұл караоке клубы қонақтарға лық толы. Мониторингтік топты көрген мекеме қыметкерлері абдырап, жабылайын деп жатырмыз деп ақтала жөнелді. Ал мұндағы келушілердің дені бетпердесіз, әлеуметтік арақашықтықты ескермеген. Мекеме басшылығына түсінідірме жұмыстарын жүргізді. Ал бетпердесіз жүргендерге 83340 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыптылар төлемді 7 күнде жүргізсе, бұл сомма 41670 теңге болады.
«Караоке барлар 63-қаулыға сәйкес, жұмыс жасамауы қажет. Бірақ соған қарамай, қазір өздеріңіз көрдіңіздер қаншама халықты жинап, осы жерде іс-шаралар өтізіліп жатыр. Бүгінгі таңда біз сол кісілердің, кемшілігі анықталған нысандардың барлығына әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 425-бабына сәйкес хаттамалар толтырылды», – деді Әуезов аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Бөпежанова.
Келесі кезекте тексеріс тобы жезөкшелердің мекеніне айналған қонақүйді әшкереледі. Бұл нысанды мамандар осыған дейін де жазалаған. Алайд, жұмысын жалғастыра берген бұл жерде ешқандай санитарлық талаптар сақталмаған. Әкімшілік топ пен жеңіл жүрісті қыздар полиция басқармасына жөнелтілді. Енді олар заң аясында жазаға тартылмақ.
Айта кетейік, Әуезов ауданында 8 қазаннан бері тұрақты түрде 2 мобильді топ жұмыс істеп келеді. 11 күн ішінде 317 нысан тексерілген. Оның ішінде жұмыс істеуге тыйым салынған 7 мекеме әшкереленіп, 99 нысанда түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал бетпердесіз жүрген 46 азамат анықталып, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылған.
Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» телеарнасы