Астанада шағын лашықтар мәселесін шешетін комиссия құрылды

08.02.2019 01:03
Фото: Tengrinews.kz

Астанада шағын лашықты паналайтындардың мәселесін арнайы комиссия шешеді. Жаңадан құрылған топ туралы қала әкімі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, өрт қауіпсіздігі сақталмаған баспаналардың жайын біржақты қылу үшін іске кешенді түрде кірісу керек. Ол үшін бағдарлама да, қаржы да бар деді шаһар басшысы.  

«Қазіргі уақытта проблемалық мәселелерді шешу үшін қала шетіндегі аумақтарды, ауылдарды анықтап жатырмыз. Кешенді шешім қабылданады, «Нұрлы жер» аясында жүзеге асыратын бағдарламалар бар, ресурстар берілді. Сондай-ақ елордада ескі лашықтарды сүру бойынша бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр», – деді Астана қаласының әкімі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Естеріңізге салайық, жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Астанада жер үй отқа оранып, бес қыз бала тірідей жанып кеткен еді. Осы жағдайдан кейін қаладағы барлық лашықтар тексеріліп жатыр.