Түрксіб ауданының тұрғындары жауапты кооперативтен бүлінген қабырғаларды жөндеп беруді талап етті
Алматыда тұрғындар мен пәтер иелері кооперативі арасында дау туды. Жарылған құбыр кесірінен үйімізді су басты деп шырылдаған Түрксіб ауданының тұрғындары жауапты кооперативтен бүлінген қабырғаларды жөндеп беруді талап етуде. Ал жауаптылар болса жеке пәтерлердің ішін ретке келтіруге міндетті емеспіз деп басын алып қашқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Даудың басы барлық пәтер арқылы жүріп тұрған су құбырынан туындаған. Ол дүйсенбі түнгі сағат 23.00 шамасында жарылып, бірнеше үйді су алып кеткен.
Тұрғындардың сөзінше, су бірден 7-8 үйге залал келтіріпті. Үйлерін су алып, әбігерге түскен халық бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес дейді. Дымқыл тартып, көгерген дуалдан жағымсыз иіс те шыға бастаған. Бұл жағдайда пәтер иелері кооперативі жауапкершілікті алып, бұзылған бөлмелерді реттеп беруі керек дейді тұрғындар. Себебі – құбыр бәріне ортақ.
«ПИК төрайымы «бұл пәтердің ішіндегі жеке мүлік» деп басын алып қашуда. Құбыр пәтер ішіндегі емес, бүтін бір тұрғын үйге ортақ желі ғой. Жөндеуге қажет қаражат неге біз ай сайын төлеп жүрген ақшаның есебінен жасалмайды?», – дейді қала тұрғыны Кристина Лысенко.
«Мен зейнеткермін. Мен қайтіп жасаймын? Қарыз емеспіз, төлемдерді уақытылы төлейміз», – деп шағынады қала тұрғыны Айшам Мәмбетова.
Жалпы тұрғындар өздеріне қызмет көрсетіп отырған «Ива» кооперативінің жұмысына көңілдері толмайды. Олардың сөзінше, осындай төтенше жағдай болған кездері бар жауапкершілікті халықтың өзіне ысыра салатын көрінеді.
Ал ПИК төрайымынан жауап алуға барған арнамыздың түсірілім тобы өкілді өз орнынан таба алмады. Әйтсе де, телефон арқылы жауап алып көрдік.
«Бұл құбыр пәтерлердің ішкі бөлігі арқылы өтеді. Біз жекеменшік учаскеге кіруге құқылы емеспіз. Жөндеудің бәрі тұрғындардың есебінен жүргізілуі керек», – деп жауап берді ПИК төрайымы.
Ал сарапшылар мұндай дау тұрғындар мен кооперативтер арасында жиі туындайтынын айтады. Бұған заңның осалдығы себеп екен.
«Заңда мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек екені нақты көрсетілмеген. Яғни азаматтардың, басқарушы компаниялар мен кооперативтердің құқықтары ашылып жазылмаған. Ортақ мүлік пен жеке мүлікті ажыратып, анықтау туралы тармақтар тек 2020 жылы ғана енгізілді. Онда ПИК тұрғын үйге ортақ мүлікке жауапты болғанымен, сол мүлікті реттеп ұстауға қажет қаржы бұрынғы заңдағы тарифпен қалған», – деді қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Аркадий Рубцов.
Яғни, меншік иесі жөндеуді талап етсе де, оны істеуге ПИК-тің қаржысы сәйкес келмейді дейді мамандар. Сондықтан заңнамалық тұрғыда әр тараптың құқығы нақтыланбайынша, жағдай реттелмейтінге ұқсайды.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы