Алматы әкімдігі жұмыскерлердің құқығын қорғап, еңбек кодексінің бұзылмауын қадағалайды

18.03.2020 01:09

Жұмыс беруші заңбұзушылыққа барса, мамандардың көмегіне жүгінуге болады

atr.kz

Алматы әкімдігі жұмыскерлердің құқығын қорғап, еңбек кодексінің бұзылмауын қадағалайды. Бүгін бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінің алаңында Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаладағы «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Уақытша офиске келушілер қабылданбайды, ал кез келген сұрақты сайт арқылы қоюға болады. Айта кетейік, төтенше жағдайлар кезінде жұмыс беруші штат режимін қысқартуы мүмкін. Бұл жағдайда қызметкер 1 ай бұрын ескертіліп, орташа жалақы мөлшерінде өтемақы алуы керек.

«Егер жұмыс беруші қашықтан жасалатын жұмысқа көшкен жағдайда, жұмыс істеу тәртібінің есебі еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес анықталады. Ол дегеніміз жалақы толық төленеді. Жұмыс беруші барлық жұмысын атқару үшін жағдайын жасауға міндетті. Егер жұмысты қашықтықтан жасауға мүмкіндік болмаған жағдайда жұмыс беруші еңбек кодесінің 70-бабына сәйкес толық емес жұмыс күні режимін ұсынуға мүмкіндігі бар, құқылы. Онда еңбекақысы істелген уақытқа қарай төленетін болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.

Ескерте кетейік, халықтың жұмыстан айырылуына байланысты әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Ол үшін жұмыспен қамту орталықтарына хабарласу керек. Онлайн режимде сұраным жіберіп, 6 ай бойы жалақысының 40 пайызын ала алады. Ал жұмыс беруші заңбұзушылыққа барса, мамандардың көмегіне жүгінуге болады.

«Еңбек инспекторларынан штаб құрылған. Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ресми сайтта әр кісінің, әр инспектордың телефоны, жеке телефоны көрсетілген. Сол жақтан танысып алсаңыздар болады. Егер де сіздің еңбек құқығыңыз бұзылатын жағдайда, бұзылды деп есептесеңіздер! Сол телефон арқылы хабарласып, жеке дара кеңес алып, сұрақтарыңызды қойсаңыз болады», – деді Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ

Теги: Құқық