Владимир Зигерт: Қазақша сөйлесем, бірден руымды сұрайды

11.10.2021 14:16

«Ұлтым басқа болғанмен, тілім қазақ»

стоп-кадр

«Ұлтым басқа болғанмен, тілім қазақ». Қарағанды облысының тұрғыны Владимир Зигерт ұлты неміс болса да, бүгінде қазақша сөйлеп, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Бұл туралы блогер Айсұлтан Жақыпов өзінің YouTube каналында жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алланың қалауымен қазақ қызға үйленіп, қазір 3 баламыз бар. Үшеуі де қазақша оқиды. Шаңырақ көтергенімізге 16 жылдай уақыт болды. Жарымның әке-шешесі мені өз баласындай көреді. Қазақ тілін жақсы меңгердіктен, таныс емес жерде қазақша сөйлесем көбісі таңғалып, бірден менің руымды сұрай бастайды», – дейді  Владимир Зигерт.

Әскери борышын өтеп келген жас Владимир сол жылы Германияға кетіп, сонда қалуға ұсыныс алады. Алайда ол ұсыныстан бас тартып, Қазақстанға қайта оралған.  

«Германияда әкемнің 94 жастағы шешесі тұрады. Сол кісі қасында қалуын сұрады. Әлі жассын, бойдақсын неміс тілін тез-ақ үйреніп аласың деді. Біраз уақыттан соң шешенді қасымызға көшіріп алармыз, өзім көмектесіп тұрамын деп мені қалдырмақшы болды. Бірақ мен сол кезде ол елде тұра алмайтынымды, сіңе алмайтынымды түсініп, әжемнің ұсынысына бас тартуға тура келді», – деді ол.