Алматыда 60 мыңнан астам студенттің тек жартысынан көбі ғана жатақханамен қамтамасыз етілген
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев президентке Алматының тағы бір өзекті мәселесі - жатақхана тапшылығы туралы да баяндады. Оның сөзінше қаладағы 39 жоғары оқу орнында білім алып жатқан 167 мың студенттің, 106 мыңы басқа қаладан келгендер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы тұста шаhар басшысы 60 мыңнан аса мұқтаж студенттің тек жартысынан көбі ғана жатақханамен қамтамасыз етілгенін, қалалық әкімшілік тарапынан нысанға қажетті жер телімі және инфрақұрылымдық мәселелері шешілгенімен, негізгі проблема қаражатқа тіреліп тұрғанын ашып айтты.
«Мен жоғары оқу орындарының ректорларымен кездестім. Олардың айтуынша, құрылыстың тұралап қалуының негізгі себептері: бірінішіден, құрылысты бастауға жеке қаражаттарының жоқтығы болса, екіншісі – жобаны қаржыландыру механизімінің рентабелділігіні төмендігінен, яғни, инвесторлар қызығушылық танытпай отыр. Білім және ғылым министрлігіне қаржыландыру моделін қайта қарауды тапсыруыңызды сұраймыз», - деді Алматы қаласының әкімі бақытжан Сағынтаев.
Жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Елбасы ұсынған әлеуметтік 5 бастаманың бірі жатақхана мәселесі республика бойынша қарқынды жүзеге асып жатқанымен, Алматыда бәсеңдеп қалғанын айтты. Сондай-ақ бұл мәселенің жобалық офисте премьер-министрдің төрағалығымен қайта қаралғанын да баяндады. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы жатақхана түйіткілін министрдің өз бақылауына алуын тапсырды.
«Елбасы әлеуметтік 5 бастама аясында республика бойынша 75 мың орынға жаңа жатақханалар салуды тапсырған болатын. Біз биыл жоспар бойынша 5 мыңның орнына, 9 мың студентке арналған жатақханаларды қолданысқа береміз. Ал, Алматыда құрылыстың тұралап қалуының себебі, қала таулы-сеймикалық аймақта орналасқан. Бұл өз кезегінде жобаны 20 пайызға қымбаттатып жіберді. Десе де, бұл мәселені жан-жақты зерделеп, қалай да шешуге тырысамыз», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.