Алматы қаласы ТЖД-де 1500-ге жуық маман қызмет етеді
Техникалар жыл сайын жаңартылып, мамандар тәжірибелерін арттыруда. Биылдың өзінде 33 адамды құтқарып, 500-ден астам тұрғынды қауіпсіз жерге дер кезінде көшіріліп үлгерген екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды апаттан аман алып қалудың маңыздылығын кешегі жолдауында айтып, аталған мамандардың жалақыларын көбейтуді тапсырған болатын.
Аға лейтенант Абай Сәкенұлы 2017 жылдан бері өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Аталған мамандықтың иесі болуды бала кезден армандаған екен. Айтуынша, өрт сөндіру кезінде түрлі қиындықтар болады. Соған қарамастан, кез келген кедергілерге төтеп беруге дайын. Жұмыс барысында ең маңыздысы – адамды аман алып қалу.
«Өрт сөндіру мамандығы ол жауапкершілікті талап ететін және де жауапкершілігі мол жұмыс деп айтуға болады. Себебі ең басты біздің міндетіміз адам өмірін құтқару болып табылады. Өрт сөндіру кезінде қиыншылықсыз болмайды. Себебі әр өртке барған кезде кешігіп қалмас үшін және адам өмірі болғандықтан аса жауапкершілікпен барамыз», – деді Алматы қаласы № 2 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Абай ҚАШЫМ.
Өрт сөндірушілердің қауіпсіздігі бірінші кезекте. Қызыл жалынды ауыздықтау үшін мамандар мынадай мықты материалдан тігілген форма киеді. Онда басқа каска, белдік, қолғап және резіңке аяқ киім кіреді. Мына киім өрттен болмаса да, адамды шоқтан қорғайды екен. Ал, белдегі балта шипыр, есік-терезе сынды нәрселерді бұзуға арналған.
Бұл жер Алматыдағы ең ірі өрт сөндіру орны болып саналады. Мұнда 9 өрт сөндіру, 3 негізгі және 1 қосымша техника бар. Сонымен қатар, заман талабына сай жабдықтар да жеткілікті.
Мына құрылғы адамды 4 сағат бойы ауамен қамтамасыз етуге қауқарлы. Германиядан жеткізілген аппарат тек үлкен ғимараттар мен метрополитен өртенгенде ғана қолданылады. Жабдықтың құны шамамен 3 миллион теңге. Алматыдағы №2-ші өрт сөндіру бөлімінде дәл осындайлардың саны 50-ге жуық.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі жолдауында Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне жіті мән берілетінін жеткізді. Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керектігін де баса айтты. Үкіметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын Ішкі істер органдарын реформалау үшін берілетін қаражат есебінен көбейтуді және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 миллиард теңге бөлуді тапсырған болатын.
«Президенттің жолдауында біздің саланың қызметкерлеріне жалақыны көтереміз деген сөздер болды. Егер көтерілсе жұмысқа деген ынталары артып, адамдардың ойлары жақсарады деген ойдамын», – деді Алматы қаласы № 2 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Абай ҚАШЫМ.
Алматылық төтеншеліктер кез келген оқыс оқиғаға дайынбыз деп сендірді. Тәжірибелі мамандар мен заман талабына сай техникалар құтқарушылардың жұмысын оңтайландырған екен.
«Қазақстан республикасы президентінің және үкіметпен азаматтық қорғау жүйесіне ерекше бөлінген назарына мың алғыс білдіреміз. Төтеншеліктер тарапынан бөлінген құрал саймандар, техникалар сақадай сай. Ал өзіміздің қызметкерлдеріміз азаматтарға қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әрқашанда дайынбыз деп айтуға болады», – деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Гүлдана НҰРЫМБЕТОВА.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде мың жарымға жуық маман қызмет етеді. 150-ден астам техника бар. Соңғы 3 жылда қалалық әкімшіліктің қолдауымен 34 жабдық сатып алыныпты. Ал биыл жыл соңына дейін 13 техникамен толықпақ.
Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы