Енді тағы да 600 салымшымызға пәтер кілті табыс етіледі
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1400 алматылық үйлі болады. Оның 400-ден астамы пәтерлеріне қоныстанып қойған. Мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары үй бағасының кемінде 20 пайызын жинауы тиіс. Алайда үйге берілетін қарыздың жылдық мөлшерлемесі небары 5 пайызды құрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
«Үйге қолым жетіп, қуанышым қойныма сыймай жатыр. Алла бұйырса, балаларыма да тағы бір есеп-шот ашайын деп отырмын. Осындай қуаныш бар отбасында болсын», – дейді тұрғындардың бірі Тайыр НАМЕТОВ.
Жыл басынан бері республика бойынша 12 мыңнан астам отбасы пәтерге қол жеткізсе, оның 3132-сі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген. Бұдан бөлек жыл аяғына дейін 14220 пәтерді қолданысқа беру жоспарлануда.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы осы Алматы әкімшілігінің көмегімен 472 жанұя баспаналы болып отыр. Биыл жыл соңына дейін тағы да 1000 отбасы баспаналы болады деген үміттеміз. Ендігі жылдың аяғына дейін тағы да 600 салымшымызға пәтер кілті табыс етіледі», – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-басқарма төрайымының орынбасары Жанар ЖҰБАНИЯЗОВА.