Зауыт басшысы Талғат Берекешовтің сөзінше, бүгінде құрылысшылар мен үлескерлер сотқа дейінгі арыз тастаған
«Әкімдікті жауапқа тарту керек». Оралдағы «Кублей» зауытына қатысты даулы мәселеге бүгін сенаторлар осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімет сағатында кәсіпорын мен құрылыс компаниясы арасындағы түйткіл талқыланды.
«Кублейге» қатысты жер мәселесі жалпы 3 жылға созылды. Зауыт пен тұрғындардың тағдыры енді қалай өзгеретіні белгісіз. Даулы істің әлі нақты нүктесі қойылмаған. Зауыт басшысы Талғат Берекешовтің сөзінше, бүгінде құрылысшылар мен үлескерлер сотқа дейінгі арыз тастаған. Олардың шағымын 2 жыл бойы жоғарғы сот үш рет қарапты. Ақыры заңдылығы расталып, өтініш кері қайтарылған. Алайда кәсіпорын басшылығы бұл іс шикі күйінде қалып қойды деп ашынады.
«Соттағы барлық арыз қаралды, бірақ үшінші тараптың арызы ескерілмеді. Шешім 180 градусқа өзгеріп кеткен. Бірнеше ай бұрын Орал қаласының сотының судьясы екі санитарлық аймақты алып тастап, салынып жатқан құрылысты заңды деп таныды. Зауыт өндіріс аймағында емес, басқа аймақта орналасқан сияқты шешім қабылдаған. Бұл қасақана жасалып отыр. Бұлардың бар ойы – сол жердегі құрылысқа жол беру», – дейді «Кублей» ЖШС бас директоры Талғат Берекешов.
Құзырлы орган шешімімен келіспеген кәсіпорын басшылығының өз ұсынысы да жоқ емес. Директор бұл істе мәселені егжей-тегжейіне дейін тексеретін арнайы комиссия құрылса дейді. Ал салаға жауапты ведомство мәселеден хабардар болғанымен, қауқарсыз. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қос тараптың соттық түйткіліне араласа алмаймыз деді.
«Кублей» мәселесі – жергілікті әкімшілік пен сот органдарының мәселесі. Біздің құзыретімізде емес. Біз қолымыздан келетін көмекті көрсеттік», – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
«Кублей» зауытына қатысты дауға қашан нүкте қойылары әзірге белгісіз. Түйткілдің түйінін тарқатар сот шешімі отандық өндірушінің пайдасына шешіле ме, жоқ, жергілікті билікті жақтай ма? Бұл сұрақтың жауабынан қос тарап та әзірге хабарсыз.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы