Жұрт қауіпті аймақ деп атап кеткен жолдың маңында мектеп орналасқан
Мектеп жанындағы жүргіншілер жолында бір аптада үш рет жол апаты орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осылай шағымданған Алматы облысы Райымбек ауылдық округінің халқы бұл маңнан жүргізушілер жоғары жылдамдықпен жүріп өтетінін айтты. Ал көше шамдары жеткіліксіз болғасын, түнде жүру тіпті мүмкін емес екен. Шыбын жандарын шүберекке түйген тұрғындар жергілікті биліктен бағдаршам орнатып беруді талап етіп отыр.
Бұл қорқынышты бейнекадрлерден жоғары жылдамдықпен келе жатқан жүргізушінің тоқтай алмай барып жаяу жүргіншіні қағып кеткенін аңғаруға болады. Мектеп жанындағы жүргіншілер жолында болатын апат көбінде жылдамдықты асырғаннан және жол белгілерінің көрінбеуінен болады деп ашынып отыр тұрғындар.
«Қауіпсіздік жағы өте нашар, қарастырылмаған. Ол жүргінші түнгі уақытта мүлдем көрінбейді. Күндіз де жол тар, жаяу жүретін жол жоқ», – деді Райымбек ауылдық округінің тұрғыны Перизат Жанатова
«Жүргінщі жолында алдыңғы апта үш көлік оқиғасы орын алды. Алдыңғы жылы да бір-екі оқушы, 2-сынып оқитын қыз бала көз жұмды. Балаларымыз күніне төрт бес рет мектепке барады, біз қорқамыз. Мұнда не жарық жоқ, дұрыс көрінбейді», – деді Райымбек ауылдық округінің тұрғыны Рима Байзолдина.
Жұрт жол мәселесін айтып талай рет бас көтеріпті. Бірақ түйткіл шешілмеген
Ал қалың жұрт қауіпті аймақ деп атап кеткен жолдың маңында 1000 орындық мектеп орналасқан. Мектеп әкімшілігі де жол қауіпсіздігі үшін жауаптыларға бірнеше мәрте хат жолдапты.
«Қырғауылды ауылындағы трассада адамды қағып, апат болған. Мысалы 7 қазанда бірінші курс студентін қағып кетті. Облыстың полиция қызметкерлеріне «Сергек» орнатылса деп жаздық. Оны орнатса дұрыс болады», – деді Ушинский атындағы орта мектеп директоры Сапура Айтулова.
«Біз қазір өтінім хат жазып, «ҚазАвтоЖолға» жаяу жүргіншілер жолағын бояп бердік. Қазіргі таңда енді жарықтарндыр мәселесі жоспарда бар.Бағдаршам орнату үшін хат жолдадық, қазіргі таңда қарастыру үстінде», – деді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов.
Ауыл азаматтарының арызы бойынша мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер жолағын қайта жаңартқан екен. Кей жолақтардың тура тұсына көше шамдарын да орнатыпты. Алайда бағдаршам қойып беру мәселесі оңайлықпен шешілиейді. Республикалық маңыздылығы бар жолға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жауапты екен.
Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы