Қаракестек ауылдық округінде 95 шаруа қожалығы бар
Қарашаның әр үшінші жексенбісі елде ауыл шаруашылығы қызметкерінің күні тойланады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда бұл саланы өркендетіп отырғандардың саны 120 мыңнан асады.
74 жастағы Қалшеңгел Қонқыбаев шаруасынан шашау шығармай, ісін дөңгелетіп отырған азамат. Таңмен таласып сиыр сауып, малын өріске жіберетін шаруа ата кәсіпті 9 жасынан бері жалғап келеді. "Санаулы малды санап, қайтсем көбейтемін деп өткен әкем қазіргі жағдайымды көрсе қуанар еді" дейді шаруа.
- 250 гектар қыстауым, 200 гектар жайлауым бар. 30 гектар егістік жерім бар. Жоңышқа алқабының көлемі 10 гектар. Бәрін игеріп, еңбектеніп жатырмыз, - дейді қожалық иесі Қалшеңгел Қоңқыбаев.
Кейіпкеріміздің мал шаруашылығындағы кәсібі 20 гектар жер телімін алудан басталған. Сол аумақта малдың жайын жасап, шаруаға бас қойған азаматтың қазір 700 бас қойы, 80 сиыры мен 70 бас жылқысы бар.
– Осындай жасқа келгенше ширақ жүруім көп қимылдың арқасы. 74 жасымды мотоцикл мініп, шаруамды атқарып жүрмін, - дейді қожалық иесі Қалшеңгел Қоңқыбаев.
Мыңға тарта мал басын бағып отырған шаруа азықты да өзі дайындайды. Кейіпкер ет пен сүттің сапасын түсірмеу үшін төрт түлігіне берер өнімнің пайдалы болуы маңызды дейді. Өйткені, малдан алар ет қожалықтарға, ал сүт өңдеуге жіберіледі. Бұл мақсатта мемлекет беретін субсидия қажетке молынан жарап-ақ тұр.
– Біздің Қаракестек ауылдық округінде 95 шаруа қожалығы бар. Оның 50 шақтысы егін, 45 мал шаруашылығымен айналысады. Малға алады, жерге де субсидия беріледі. Үкімет тарапынан ол кісілер көмек алады, - дейді Қарақастек ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Жекен.
Әкеден қалған кәсіпті балаға аманат етуді парыз санайтын кейіпкер ендігіде селекцияға көңіл бөлмек.
Мадина Оқас, Аида Иманәлі, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Көшпелі тарихтың құнды жәдігері италиялықтарға көрсетілді