Тоғыз жылдан бері төсекке таңылған науқас қыз көмек сұрайды

Almaty.tv
Almaty.tv
27 жастағы Айжан Сәрсенбайқызының қос бүйрегін ауыстыру үшін қыруар қаржы керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тоғыз жыл төсекке таңылып, бүйрегі істемей қалған 27 жастағы Айжан Сәрсенбайқызы отандастарынан көмек сұрайды. Әр күнін өмір үшін күреспен өткізіп жатқан науқас қос бүйрегін ауыстыру үшін қыруар қаржы керек деп отыр. Жалғыз қызын емдету үшін Айжанның анасы талай табалдырық тоздырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Тоғыз жылдан бері бүйрегі істен шыққан Айжан қазір де төрт сағаттық қан тазалау процесінде жатыр.  

«Мәйіт донорлығына рұқсат берсе, бүйрегімді ауыстырғым келеді. Тоғыз жылдан бері бүкіл ағзам құрып бітті. Аптасына үш рет алған соң, бұлшық еттегі кальций шайылып кетеді, бұлшық етте еш күш жоқ. Салмағым азайып бара жатыр. Бауыр, жүрек, асқазан, бәрін аппарат отырғызып жатыр», - дейді науқас Айжан Рахымбай.

Ауруы асқынған Айжан – отбасының жалғыз қызы. Марқұм әкесі көзі тірісінде өз бүйрегін беруге бекінгенімен, донорлыққа жарамапты. Дәрігерлер қан тобының, гендік сәйкестіктің тура келмеуін алға тартыпты. Ендігі үміт – тек шетел асып барып, дертке ем іздеу.

«Аяқасты бүйрегі ауырып, содан бері міне, 9 жыл болды, гемодиализ алып жатыр. Тез арада бүйрек ауыстыру керек. Күннен күнге нашарлап бара жатыр. Сол үшін құрметті қазақ елі! Барша мұсылмандар, сіздерден көмек сұраймын», - дейді Айжанның анасы Күләш Нұржауова.

Жұмыссыз жалғызбасты ана қазір науқастың жалғыз жәрдемақысына күн көріп отырғанын айтады. Өйткені Айжан өздігінен жүріп-тұра алмайды. Оның жағдайын ұдайы бақылап тұру керек.

«Жасанды бүйрек апаратына таңылған. Аптасына үш рет келіп, қан тазартып отырады. Әрине, науқас жас, бұдан өзге нұсқа ретінде айтсақ, бүйректі ауыстыру керек», - деді гемодиализ орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнұр Қалиева.

Ауыр дертке шалдыққан Айжанның адам қатарына қосылсам деген арманы жабық есік артында қалып, елеусіз қалмас үшін, барша отандастардан көмек сұрайды. Өйткені бір ғана мақсаты бар, ол –өмір үшін күрес!

Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров