Ораза адам баласын сабырлыққа тәрбиелеп, бардың да, жоқтың да қадірін түсінуге шақыратын ай
Карантин кезінде мешіттердің есігі жабылғанымен, сауапты іске әрдайым жол ашық. Мұсылмандар үшін ең қасиетті әрі он екі айдың сұлтаны саналатын оразаның басталуына санаулы сағаттар қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты ауыз бекітуге ниеттенгендердің толғандырған бірқатар сұрақтарына ҚМБД толықтай жауап берді. Карантин кезінде оразаның парыздары қалай орындалмақ? Пітір садақаны қалай төлейміз?
Ораза адам баласын сабырлыққа тәрбиелеп, бардың да, жоқтың да қадірін түсінуге шақыратын ай. Бұл ай жақсы істердің басында болып, жаманнан тыйылуға таптырмас мүмкіндік дейді дін өкілдері. Ауыз бекіткен жан тек ішіп жеуден ғана тыйылмай, жақсы амалдар жасап, айналасын мейірім мен имандылыққа шақыруы тиіс. Биыл елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешіттердің есігі жабылғанымен, қайырымдылық жасауға жол ашық.
«Қадірлі халайық! Рамазан тәубе мен тәрбие, тақуалық пен қанағат, шүкір мен сабыр, мейірім мен қайырымдылық, береке мен бірлік айы. Ораза сауап жинап, рухани кемелдену айы. Түйіндеп айтқанда рамазан Раббымыздың мейірім махаббатына бөленетін ай», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ.
Діни басқарма өкілдерінің сөзінше біреудің өміріне жауапты қызметкерлерге ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Олар дәрігерлер, ұшқыштар, ел тыныштығын күзетіп жүрген әскерилер мен ауыр жұмыста істейтіндер.
«Сонымен қатар, елдің қарулы күштері, бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына көшірілген жағдайда ораза тұту әскердің қырағылы менен жауынгерлік даярлығын әлсіретуге алып барса оразаны тоқтатуға рұқсат етіледі. Оның орнына басқа күндері ораза ұстайды», – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат ОҢҒАРОВ.
Ауыз бекіткендерге антисептикалық құралдар мен спиртті тазалық мақсатында қолдануға болады. Ол оразаны бұзбайды. Себебі қазір төтенше жағдайдамыз, сондықтан вирус кезінде денсаулығына зиян келтірмей, қайта оны қорғайтын дүниелерді қолдану қажет, мұны шариғатымыз қолдайды, – деді Бас мүфти. Ал «мұсылманның қаруы – дұға жасау». Сондықтанда еліміздің дін ғұламалары да сындарлы сәтте бір-бірімізге жақсы сөз айтып, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасап, мол са¬уап жинауға үгіттейді.
«Әлемді жайлап бара жатқан індеттен құтылуды аман сақтауды тілеп, Жаратушы иемізге дұға жасап, тілек тілейік. Осыны ұмытпайық. Алла Тағала бір ауыртпалықтан соң бір жеңілдік беремін дейді. Олай болса сол жеңілдігін тезірек берсін. Соны сұрайық. Еліміз аман болсын, халқымыз аман болсын!» – деді Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ.
«Ислам қағидаттарына сәйкес қиындықтардан кейін көп жеңілдіктер келеді. Және қиындығы көбейген іс-әрекеттің сауабы да көп болатындығы сөзсіз. Сондықтан бұл қиындықтардан кейін де елімізге берекелі, мерекелі кезеңдер келеді деп сенеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлімдемелеріне жүгіне отырып, біз осы қасиетті айда үйде отырып та көптеген ғибадат, құлшылығымызды, қайырлы, ізгі амалдарымызды жүзеге асыруға мүмкіндігіміз көп», – деді Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ.
Өз қажеттілігін қоспағанда 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – міндет. Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің орынын толтыруға көмектеспек. Ал одан жиналған қаржы мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында жұмсалатын болады.
Мешіттерде әзірге намаз оқу уақытша тоқтатылғанымен, құлшылық жасауға ешнәрсе кедергі емес. Енді пітір садақаны беру үшін мынадай жәшік іздеп мешітке сабылудың еш қажеті жоқ. Қалта телефоныңыздан Каспи қосымшасы арқылы ақша аударуыңызға болады. Оның нұсқаулығын муфтияттың ресми парақшасынан таба аласыз. Биыл жан басына белгіленген пітір садақаның мөлшері 370 теңге.
Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы