Келесі жылы 5,1 млн қазақстандықтың табысы артады

03.12.2021 13:54

Қабылданған заңға сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен жалақы 60 мың теңгені құрайды

24.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға қол қойды, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қабылданған заңға сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен жалақы 60 мың теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы ең төмен жалақы 42 500 теңгені құрады.

Бұған дейін еңбек министрлігінде хабарлағандай, ең төмен жалақыны арттыру экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның табысының өсуін қамтамасыз етеді.

АЕК немесе айлық есептік көрсеткіш (оны жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданады) 3 063 теңгені құрайды. 2021 жылы ол 2 917 теңге деңгейінде тұр.

Күнкөріс минимумының көлемі (базалық әлеуметтік төлемдердің көлемін есептеу үшін қолданылады) 36 018 теңгені құрайды. Бұл жылы оның көлемі 34 302 теңге болып отыр.

Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі көлемі 2022 жылы 19 450 теңге шегінде белгіленген. Биыл бұл көрсеткіш 18 524 теңге болып отыр.

Келесі жылы зейнетақының төмен көлемі 46 302 теңге болады. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы ол 43 272 теңге болды.

Еңбек министрлігі ұсынған ақпарат бойынша, осы аталғандардың нәтижесінде келесі жылы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 миллион қазақстандықтың кірісі артады.