25 жылда Қазақстанда ЭКО әдісімен 25 мыңдай бала дүниеге келген
25 жылда Қазақстанда ЭКО әдісімен 25 мыңдай бала дүниеге келген. Оның 16 мыңы репродуктивті медицина институының арқасында туылды. Бұл туралы орталықтың мамандары арнайы ұйымдастырылған көрмеде айтты. Іс-шарада жасанды ұрықтандыру жолымен бала сүю бақытына кенелген отбасылар бас қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алеся Шиннің ата-анасы – елімізде алғашқылардың бірі болып қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегіне жүгінген жандар. 1997 жылы дүниеге келген әйел есейгенше жасанды жолмен туғанынан бейхабар болыпты. Десе де, бұл жаңалыққа аса мән бермеген. Себебі ауру-сырқаудан аулақ болған нәзікжанды мықты денсаулығыммен мақтана аламын дейді. Тіпті, өзі де табиғи жолмен жүкті болып, 2 жыл бұрын салмағы 3 келіден астам сап-сау баланы дүниеге әкелді. Осылайша «Қоғамда жасанды жолмен туылған балалар ата-ана бола алмайды» деген алып-қашпа сөздерді жоққа шығарды.
«Денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ. Керісінше, бала кезімнен физикалық тұрғыда өте белсендімін. Мектепте жүргенде де көптеген спорттық жарыстарға қатыстым», – деді қала тұрғыны Алеся Шин.
1995 жылдың 28 қыркүйегінде Алматыдағы Адам ұрпағын өрбіту орталығында алғашқы экстракорпоралдық ұрықтандыру зертханасы ашылды.Әу баста онда 5 маман ғана жұмыс істеді. Бүгінгі таңда 3 филиалдан тұратын зертханада 300-ден аса қызметкер бар.
«Бүгінгі таңда 25 мың сәбидің туылғаны өте жақсы көрсеткіш. Өте көп жанұя сәбилі болып, бақытты отбасы болды. Мысалы, сәби сүйе алмағандықтан, әрбір алтыншы отбасы ажырасуға дейін барады екен. Сондай ажырасқан отбасылар азайса екен дейміз», – дейді Репродуктивті медицина институтының репродуктолог дәрігері Аяулым Қосетова.
Жасанды жолмен ұрықтандыру әдісіне жүгінуді кез келген отбасының қалтасы көтере бермейтіні анық. Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы қазақстандықтарға жол тартты. Игі бастаманың арқасында қосалқы репродуктивті технологияларға мемлекеттен бөлінетін квота саны 7 мыңға көбейді.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы