Инватакси: биыл Алматыда 24 көлік бөлінді

Almaty.tv
Almaty.tv
Қалада инватакси қызметін 2 мыңнан астам адам пайдаланады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемде 1 миллиардтан астам адамның мүгедектігі бар. Ал Қазақстанда осындай физикалық ерекшелігі бар жандардың жүріп-тұруына түрлі жағдай жасалып, инфрақұрылым дамып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Кембағал жандардың әр күні біз елестете алмайтын түрлі кедергі мен қиыншылықтарға толы. Кейде үйден шығудың өзі сынақ болуы мүмкін. Арайлым Қазмағамбетова өзімен тағдырлас жандармен тығыз жұмыс істеп, олардың діттеген жеріне жетуіне септігін тигізеді. Арайлым «қала қарқынды дамып келе жатыр, бірақ кейбір ғимараттарға кіру нағыз экстрим болуы мүмкін» деп күйзелді.

– Бұл жұмыс қызық әрі қиын. Тағдырластардың баратын жеріне жеткіземіз. Өтінім өте көп. Кемшіліктсіз болмайды ғой, пандус мәселесін айтып жүрміз, – деді диспетчер Арайлым Қазмағамбетова.

Қаладағы арнайы инватакси мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен көмек көрсетіп келеді. Алайда бұл қызметтің қауқары мен тиімділігі де сынға түсіп отыр. Қосымша бөлінген қаражатты ескере отырып, қалада 100 бірлік арнайы көлік құралы жүріп тұр. Бірақ мегаполисте әлі де көлік саны жеткіліксіз, себебі тапсырыс күн санап артып келеді. Сондай-ақ арбаға таңылған жандар арнайы пандустардың жоқтығына, ал барының нормаға сай келмейтініне шағым айтты. Қалалық мүгедектер қауымдастығының төрағасы биыл 15 мың нысанға тексеріс жүргізілетінін жеткізді.

– Мүгедектігі бар адамдарға жүріп-тұру қиын. Оларға өте қиын. Мониторинг жүргізілді. Былтыр 7500 нысанды тексердік. Ұсынысымыз бойынша әкімдіктен қаражат бөлінді, – деді мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбек.

Жылдың басында инватакси қызметіне 1 млн 159 мың 890 теңге бөлінген. Қызметтің бір сағатының құны жеңіл көліктер үшін 3700, ал арнайы жабдықталған көліктер үшін 4500 теңге.

– Такси қызметін тұтынатындар күн санап артып жатыр, күніне 5-10 адам қосылып, хабарласады. Ересектер мен балаларды қосқанда көп адамды қамтимыз. Бұл жоба тірек қимыл жүйесінде мүдектігі бар адамдарға көмек ретінде жүзеге асып жатыр. Биыл тағы 24 көлік бөлінді, – деді  «Инватакси» жобасының жетекшісі Диляра Алқанова

Қалада инватакси қызметін 2 мыңнан астам адам пайдаланады, олардың ішінде 800-і мүгедектігі бар балалар. Келесі жылдың мамырында көлік санын 130-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Ханкелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Патриот такси: Ақтауда көк түспен көмкерілген көлік жүргізушісі тегін қызмет көрсетті

Новости партнеров