Елордалық тұрғындар 3 жыл қатарынан орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған тұрғын үйде тұруға мәжбүр

09.12.2020 01:55

Тұрғындарға пәтерлерді сату кезінде бизнес-класс болады деп уәде де берілген

Almaty.tv

Қытымыр қыста үй ішінде тоңып отырмыз. Елордада жылыту жүйесі жоқ, құбырлар мен кәріз жүйелеріндегі суы қатып қалған көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің тұрғындары осылай деп шағымданды. Олардың жаңа үйге қоныстанғанына 3 жыл ғана өткен. Бірақ құрылысшы үйіп-төгіп берген уәдесінде тұрмай, үйді пайдалануға мерзімінде бермеген. Орталықтандырылған жылыту құбырлары тартылмаған. Алайда тұрғындар электр жылуы үшін қомақты соманы төлеуге мәжбүр. Олардың  талап-арызын Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тыңдады.

«Дәулеткерей» тұрғын үй кешенінің тұрғындары осымен үшінші қыс тоңып отыруға мәжбүр. Орталық жылыту жүйесі болмағандықтан, жылытқыштарды пайдаланады. Балалар үнемі тісі-тісіне тиіп көрпеге оранып отырады. Ал краннан мүлдем су ақпайды. Өйткені Арқаның аязында құбырлар қатып қалған.

«Міне, неше жыл болды, 3 жыл ма, 4 жыл ма? Суымыз жоқ. Қатып қалады. Ешқандай жылу жоқ. Мен  мұндай өмірде көрген жоқпын. Елордада тұрамыз. Үйде кішкентай балалар бар. Балабақшадан келеді, көрпе деп сұрайды. Астына тығылып жатады. Сол, бітті!» – деді қала тұрғыны Дариға Сүндетбаева.  

Тұрғындарға пәтерлерді сату кезінде бизнес-класс болады деп уәде де берілген. Көбісі құрылысты жүргізген компанияға 20 миллион теңгеден, ал кейбіреулер тіпті екі есе көп ақша төлеген. Мұндай олқылықтарға қарамастан ай сайын тек жылу үшін орташа есеппен 60 мың теңгеден төлеп отырмыз дейді. Ал, құрылысты жүргізген компанияның берген ақпараты бойынша 2 жыл бойы электр қуаты мен ауланы және подъезді күтіп ұстау үшін өз қаражатын жұмсаған. Бірақ нысанда бітпей қалған жұмыстардың қашан аяқталатыны бізге байланысты емес дейді.

«Бізде Орталық коммуникациялар болуы керек еді. Барлығы, яғни жылыту да соның ішінде болатын. Бірақ Абайдың 150 жылдығы көшесіндегі жол құрылысы соңына дейін аяқталған жоқ. Желілер осы жолмен өткізілуі керек еді. Онда ұрлық болғанын немесе қандай процестер болғанын білмеймін. Бірақ орталық жылыту бізге жеткен жоқ. Алайда енді биыл бізге газ жеткізуге уәде берді», – деді құрылыс компаниясының коммерциялық директоры Аслан Ғазиз.

Осы жұмыстар аяқталған соң ғана нысанды толық пайдалануға береміз дейді құрылыс компаниясының өкілі. Ал, әкімдіктегілер болса, өздеріне шаң жуытпай, барлық коммуникацияны құрылыс компаниясы өзі жүргізу керек деп отыр.

«Егер нысан пайдалануға беруге дайын болмаса, құрылысшы алдымен құрылысты соңына дейін жеткізуі керек. Осыдан кейін ғана тұрғындарға үйде тұруға рұқсат етуі керек. Бұл жағдайда құрылыс салушы «Сәулет қала құрылысы қызметі туралы» Заңға сәйкес үйге және желілерді қосуға қатысты барлық шаруаны өзі жасауы тиіс», – деді қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының Сарыарқа ауданы бойынша мемлекеттік инспекторы Диаз Бектеміров.

Өз кезегінде әкімдіктегілер тұрғындарға құқық қорғау органдарына шағымдануға кеңес берді. Тіпті, әкімдік құрылыс жүргізген аталған компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған да көрінеді. Осылайша қос тарап бір-біріне сілтеп жүргенде тұрғындар осы қысты тағы да жылусыз өткізуі бек мүмкін.

Асылбек Тойбек