«7 метрге ұшырып жіберген». Алматылық келіншек қаршадай қызы мен аяғы ауыр сіңілісін жүргіншілер жолында қағып кеткен азаматтың жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жүргізуші әлі бостандықта. Ал кәмелетке толмаған қызының ауруханада төсек тартып жатқанына 10 күн болған. Бауыржан Момышұлы мен Мөңке би көшелерінің қиылысындағы жүргіншілер жолағында жол белгілері орнатылған. Алайда көлік жүргізушісі ешқандай белгіге қарамастан 17 жастағы қыз бен аяғы ауыр келіншекті қағып кетіп, 7 метрге ұшырып жіберген.
Гүлнар Өмірбекқызы екінші баласына аяғы ауыр. 9 қыркүйек күні бөлесімен бірге қоғамдық көлікке отыру үшін жолдан өтпек болған. Жүргіншілер жолының екінші бөлігіне жеткен сәтте есімнен қалай айырылып қалғанымды білмей қалдым дейді.
«Ол бірінші жолмен келіп тұрды. Біз қарадық. Жүгірген ештеңе болған жоқ. Екі жолдағы көліктер тоқтады. Ал біз өтіп жатқанда оны тоқтайды деп ойладық. Бірақ біз жолға шығып, артқа не алға жүре алмай қалдық. Машина бізді қатты соқты. Сол кезде мен есімді жоғалттым. Сот жазасын берсін. Кешірім сұрап келген жоқ», – деді зардап шегуші Гүлнар Қадырова.
Келіншек жол апаты салдарынан бас миы шайқалып, дене жарақатын алған. Алайда жүктілігіне байланысты ем қабылдауға болмайды. Сондықтан ауруханада 4 тәулік қана болыпты. Ал кәмелетке толмаған бөлесі 10 тәулік өтсе де, әлі ауруханада төсек тартып жатыр. Бүгін сынған аяғына ота жасалыпты. Дәрігерлер қыздың жағдайын орташа тұрақты деп бағалап отыр.
«Бас миының жабық жарақаты, бас миының шайқалуы мен оң аяғының бірінші саусағы және сол аяғының бесінші саусағы сынған. Жағдайы қалыпты. Бас сүйегінде жарақат жоқ. Бас миына қан құйылмаған. 7 тәулікте барлық балаларға рентген бақылау жасаймыз. Сол кезде оң аяғының ығысқан сынығы және дұрыс бітпеуі байқалды. Сондықтан травмотология бөліміне ауыстырдық», – деді №2 қалалық балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ербол Қозыбағаров.
Қызының мүшкіл халде жатқаны жүрегіне батқан анасы кінәлі азаматтың әлі күнге дейін жауапқа тартылмағанын, кешірім сұрамағанын айтады. Тіпті, қажет дәрі-дәрмекті де алуға қол ұшын созбаған. Ал полиция қызметкерлерінің не себепті осы уақытқа дейін қызы мен сіңілісінен сұрақ-жауап алуға келмегені түсініксіз.
«Тексерудің қажеті қанша? Бұл пешеход қой! Жаяу жүргіншілер жолында болып тұр ғой. Басқа жерде өтсе, түсінікті. Бала өзі кінәлі. Бұл жерде жүргізуші кінәлі болып тұр ғой! Менен кешірім сұрап келмейді де. Баланың жағдайы қалай, қызыңыз қалай болып жатыр, мүлдем сұрамайды», – деді зардап шеккен қыздың анасы Камила Қадырова.
Ал қалалық Полиция Департаменті бұл іс қазір Алатау аудандық полиция басқармасында тіркелгенін және қазір заңмен көзделген іс-әрекеттер тиісті дәрежеде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.
«Дене жарақатын алған кішкентай қыз ауруханадан шыққан сәтте сот-медициналық сараптама тағайындалады. Оның дене жарақатының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында. Кінәлі азамат міндетті түрде жауапкершілікке тартылатын болады», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Енді полиция қызметкерлері қыздың ауруханадан шығуын күтіп отыр. Кейін сот-медициналық сараптаманың нәтижесіне қарай кінәлі азамат жауапқа тартылмақ.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы