Арыс трагедиясы: Шымкенттегі заңсыз шеруді ұйымдастырғандар ұсталды

Арыс трагедиясы: Шымкенттегі заңсыз шеруді ұйымдастырғандар ұсталды
Митингке шыққандарға қарсы құқық қорғау органдары ешқандай күш қолданған жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент қаласында заңсыз митинг ұйымдастырып, көлік қозғалысына кедергі болғандардың аты-жөндері анықталды. Оларғы қатысты тергеу амалдары да басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше Шымкентте бір топ азамат көшені жауып, көлік қозғаласына кедергі болған еді. Өздерін Арыс қаласының тұрғыны ретінде таныстырған қалың жұртшылық митингте «оқ-дәрі жарылған қалада радиация тарап кетті, өмір сүруге қауіпті» дегенді алға тартқан болатын. Сондықтан олар жергілікті биліктен Шымкент қаласынан жер мен жаңа үй талап етті. Бірақ көптің алдына шығып сөйлеген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, халықты бітімге шақырды.  

«Біріншіден, ол жерде оқ-дәрілер қоймасы толығымен жойылады. Бұл – нақты шешім. Бұдан былай мұндай жағдай ешқашан қайталанбайды. Екіншіден, ол жерде ешқандай радиация жоқ. Әлгі сөзді таратып жүрген арандатушылар», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Ортаға от тастаушы арандатушылардың бірнешеуін  бүгін полицейлер анықтап та үлгерді. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 274-ші бабы 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Рұқсат етілмеген наразылық шеруіне қатысқандармен полицейлер екі сағат түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйлеріне қайтарды.

«Азаматтарды билікке бағынбауға шақырғандарға қатысты іс қозғадық. Процессуалдық шешімді қабылдауға дайынбыз. Рұқсатсыз шеруді ұйымдастырғандардың басты мақсаты не? Бұған келуге не итермелегенін анықтаймыз», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.

Жергілікті қариялар жас буыннан ашуға берілмеуді сұрайды. «Сабырлық танытыңдар» деген қариялар ел бірлігі мен тыныштығының бұзылуынан қорқады.  

«Осы күнге шүкіршілік етейік. Айғай-шуды тоқтатыңдар. Ымыраға келіңдерші, өтінемін»,   дейді қария.

Айта кетейік, құқық қорғау органдары тарапынан митингке шыққандарға қарсы ешқандай күш қолданылмаған.

Новости партнеров