Дипломын енді ғана қолға алған түлектер өзі қалаған саласына барып, жұмысқа тұра алады
Елімізде «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы қызметке кіріскен жастардың саны артқан. Бір ғана Алматының өзінде жыл басынан бері 40-тан астам жас маман өзі қалаған салада тәжірибе жинап, жалақы алатын мүмкіндікке ие болып отыр. Яғни, дипломын енді ғана қолға алған түлектер өзі қалаған саласына барып, жұмысқа тұра алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы екі қолға бір күрек тапқандардың бірі – Ақерке Ибадатова. Ол дипломын қолға алған бойда жұмыспен қамту орталығына барып, сондағы мамандардан аталмыш жоба туралы естіпті. Артынша өзі қалаған call-орталыққа оператор болып кіріп, тәжірибе жинағаны өз алдына, ай сайын жалақы алады. «Ең бастысы, қызметім өзіме ұнайды» дейді жас маман.
«Бұл жерде жұмыс істеп жатқаныма жарты жылдан асты. Бұл жерде бәрін жақсылап үйретеді. Осы мамандық арқылы кіргеніме өкінбеймін. Алдағы уақытта бәрін игеріп, түсініп болғаннан кейін басқаларға да осы жұмыс туралы түсіндіргім келеді», - дейді жас маман Ақерке Ибадатова.
Аталмыш жобаның арқасында өткен жылы 217 адам жұмысқа кірсе, оның 4-уі көзге түсіп, сол салада қызметін жалғастырып жатыр. Ал бұл бағдарламаның барын білмейтін жастар әуелі Enbek.kz порталы арқылы өтініш қалдыруы керек немесе жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, сондағы мамандардың көмегіне жүгінсе болады.
«217 адам 2021 жылы алғашқы жұмыс орнымен кетті. Оның 4-уі тұрақты жұмыс орына кірді. Осы жылы 157 жұмыс берушіден өтініш түсіп, 424 жұмыс орнына. Қазір 22 ақпанға дейін 40 адам жұмысқа кірді», - деді қалалық жұмыспен қамту ортағы уақытша жұмыспен қамту бөлімінің маманы Индира Өмекова.
Айта кетейік, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы тек 16 мен 29 жас аралығындағыларға арналған. Олар өздері қалаған салада 30 айға дейін тәжірибе жинақтап, еңбекақысын ала алады. Яғни бастапқы 12 айын жұмыспен қамту орталығы қаржыландырса, әрі қарай жұмыс берушінің өзі төлейді.
Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанова, «Алматы» телеарнасы