2024 жылы елімізге Қытайдан 655 мың турист келді

S O C I A L . C U T/ unsplash.com/
S O C I A L . C U T/ unsplash.com/

Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 78 пайызға көп

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2024 жылы елімізге Қытайдан 655 мың турист келді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Қазақстанға келген қытайлықтар саны айтарлықтай өсті. 2024 жылы Қытайдан келген туристер легі 655 мың адамды құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 78 пайызға көп. Көрсеткіш Қытай азаматтарының мәдени және табиғи мұрамызға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар туризм жылы аясында өңірлер, туркомпаниялар, агенттіктер мен медиа платформалар арасында 200-ден астам келісімге қол қойылды. Бұл өзара іс-қимылға берік негіз болды, - деді ол. 

Комитет төрағасының айтуынша, іс-шаралар ақпараттық алаңда да кеңінен көрініс тапты. 1,3 млрд-тан астам аудиториясы бар қытайлық ірі медиа мен әлеуметтік желілерде Қазақстан туралы хабар таратты. Бұл еліміздің туристік бағыт ретінде танылуын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.

"Ресми түрде 2025 жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланғанын атап өту керек. Бұл екіжақты қарым-қатынастардың тереңдей түскенін көрсетеді. Әрі бұл екі тарапқа ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда жаңа мүмкіндіктер береді. Осының бәрі туризмнің дамуына ықпал етіп қана қоймай, халықтар арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға маңызды үлес қосады, - деді Нұртас Кәріпбаев. 

Айта кетейік, «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының» ресми ашылуы Бейжің қаласында 2023 жылдың 28-29 наурызында өтті. Онда екі ел арасындағы туристік және мәдени байланыстарды дамыту, туристік салаға инвестиция тарту жоспарлары талқыланды. 

Ресми ашылу салтанаты Қытай Ұлттық опера үйінде ұйымдастырылды. Іс-шараға 500-ден астам қонақ қатысты. Қытайдың 30-дан астам орталық медиасы жан-жақты хабар таратты. Ал Туризм жылының ресми жабылуы 2024 жылы 27 қарашада Алматы қаласында болды. Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының қорытындысына арналған халықаралық форум ұйымдастырылды. Оған екі елдің туристік индустриясының 300-ден астам өкілі қатысты. 

 Оқи отырыңыз: Үндістан мен Қазақстан арасында тағы бір әуе рейсі ашылады

Новости партнеров